Ақпараттық портал

Жанарсыз да жарық әлем

Тағдырдың жазуы шығар, шыр етіп дүниеге келген күннен-ақ жарық әлемді көрмей, екі көзі кемістікпен туылатын жандар бар әрі жүре келе түрлі жағдайдың әсерінен көз жанарынан айырылып қалғандар да бар. Кейбірі кішкентей ғана саңылауды көрсе, енді бірі мүлдем бұлыңғыр дүниенің өзін де көрмейді. Ақырын жүріп, анық басып, сипап-сезу арқылы әлемді таныған зағип жандар әрқашанда көмекке, қолдауға мұқтаж. Көру мүмкіндігі шектеліп, күні өзгеге қарап қалған зағип жандар қоғамда кездеседі. Тағдыр тауқыметін тартқан олардың тіршілігі қиындыққа толы. Дегенмен қол қусырып, қарап отыруды жөн көрмейді олар. Қоғамдық шараларға қатысып, өз өнерлерін ортаға салып жүргендері де жетерлік. Сондай көзі көрмесе де, көзі ашық, көкірегі ояу болмаққа ұмтылған жандардың басын қосқан орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 13 қараша-Зағиптар күніне орай “Мен әлемді жүрегіммен сеземін” атты әдеби сазды кеш өткізді.

Кеш шымылдығын кітапханашы А.Оспанова ақын Базарбай Асқардың “Көкірегі ояу жандар” өлеңімен ашты. Ал Г.Арыстан белгілі журналист Ахметжан Қосақовтың “Тағдырдың сынағында жүрген жандар” деген өлеңін мәнеріне келтіре оқыды. Бұған қоса, кітапхананың тұрақты оқырманы, облыстық байқаулардан жүлделі орын алған Б.Қасымқұлов “Біздің елдің жігіттері” әнін домбырамен әуелете орындады. Әсерлі кеш барысында кітапханашылар П.Анбия “Сүйгендер жырлайды”, Қ.Куадирова “Алғыс”, А.Төлегенова “Жайлаукөл кештері” және А.Раймкулова, К.Алтыбаева, Ж.Тілеумбетова “Кітапханашылар” әнін айтып, жиналғандар қосыла шырқап отырды.
Мұнан кейін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Бағдагүл Алжанбаева кеш қонақтарына ізгі тілегін айтты. Көңілдері бір марқайып қалған жандар да өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Сіз-біздесіп, қауқылдасқан жандар сыйластықты алдыңғы орынға қоятынын кеш барысында аңғартты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Қосақовқа сөз кезегі берілгені сол-ақ еді, жолды, жөнді білетін қазақтың текті азаматы ретінде аналарды сыйлай білетін абзал жан өзінен жасы үлкен, сексенді алқымдаған Тынышкүл апамызға сөз берді. Өмір жолдары бір кітапқа арқау болатын жандар өздерінің көз жанарларынан қалай айырылғанын, өмір сынағына салса да қалай мойымай келе жатқанын айтып жүректі бір тебірентіп, көңілге түрлі ой салды.
“Есікте отырған төрде отырғаннан дәмелі” демей ме мұндайда?! Шын мәнінде мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамның қамқорлығына зәру. Қос жанары көрмесе де көкірегі ояулы болмаққа ұмтылған жандар арқа-жарқа болып, көңілдері бір серпіліп қалды. Өз кезегінде кітапхана қызметкерлеріне де алғыстарын жаудырып жатты. Шара соңында Б.Алжанбаева келген қонақтарға кітапхана атынан сыйлықтар таратып, барлығы естелікке суретке түсті.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.