Ақпараттық портал

Жаны жомарт, мейірімі мол

Ол келемін деген уақытынан кешігіп, төбесін көрсете қоймады. Көңілім алаңдай бастады. Қай кезде болмасын сөз үдесінен шығатын Мұхтар мырзаға «не болды екен?»-деп дегбірсіздене түстім. Сол сәтте қалта телефоным шырылдап коя берді. Құлағыма тосып едім:
-Аха мен ғой,-деген Мұхтардың даусын естідім. Бір жағынан бойымды қуаныш билесе де тағатсыздана күтіп тұрғанымды ескерткім келді.
-Мұхтар батыр-ау, қайда жүрсің? Әлде адасып кеткеннен саусың ба?
-Иә, солай болды. Рысқұлов көшесімен жүріп келе жатып, қалай екенін қайдам Жамбыл көшесіне шыққанымды өзім де білмей қалдым. Абырой болғанда бір-екі жас жігіттен жөн сұрап едім, қайтадан дұрыс бағытты көрсетіп жіберді. Енді он-он бес минөттен кейін үйіңізде боламын деп, сенімді айтты. Осы тұста төлебилік Тазабеков Мұхтар Әлиасқарұлының бірінші топтағы көз мүгедегі екендігі есіме түсіп, өзімше аяныш білдірдім. Табан жолын нашар көретін еңбек ардагерінің жол тауып келе жатқанына шүкіршілік еткен жайым бар.
Кешікпей-ақ Мұхтар Әлиасқарұлы жайдарлы жүзімен, мейірімді пейілімен сәлем берді. Аз-кем амандасқан соң:
-Аудандық музейге тапсыратын ертоқымың қайда?-деп сауал қойдым. Ол жол сөмкесіне салынған жәдігерді бір иығына салып алып келгендігін тілге тиек етті. Екеуміз музейге бірге барып, әлгі жәдігерді арнайы қызметшілерге табыс еттік. Оларға Мұхтар мырза бұл ертоқымды арғы атасы Жолшы молданың XIX ғасырдың аяқ кезінде қайың ағаштан жасалғандығын атап өтті. Музей қызметшілері ардагер атаның мұндай тартуына алғыс айтып, шынайы ризашылық білдірді. Қоштасар сәтте Мұхтар мырза өз үйінде әкесі Әлиасқар мен анасы Ақжарқынның кезінде пайдаланылған күбі бар екендігін айта келіп, оны өздеріңіз алып кеткендеріңіз дұрыс болар еді деп, тағы да жомарттық танытты.
Айналасындағы адамдарға, қатар-құрбыларына, туған-туысқандарына, мейірімді ықыласымен құрметке бөленіп жүрген Мұхтар мырзаның өмір жолынан тағылымы мол мұндай мысалдарды көп кездестіруге болады. Қай кезде де адамгершілік қасиетімен ауызға алынатын ардагердің бал-дәурен балалық шағына шегініс жасауды да жөн көрдім. Ол алты ағайынды еді. Бес әкпесінен кейін қара шаңырақтың түтінін өшірмейтін жалғыз ұл болып дүниеге келді. Бір өкініштісі Мұхтар Әлиасқарұлы ғана бала кезден көзі нашар көретіндей жағдайға ұшырады. Ал бес бауырында мұндай түйткіл болған емес. Мұхтар мырза өз қатарларымен бірге Шу қаласындағы №308 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттады. Талабы таудай болғанымен бастауыш сыныпқа барған кезінде көз жанарының нашар көретіндігі айқын байқалды. Әпкелері көз дәрігеріне көрсетіп көріп еді, арнайы көзілдірік жазып беруден аспады. Бір көзіне минус 7, екінші көзіне минус 9 мөлшеріндегі қалың әйнек кигізілді. Дәрігерлердің айтуына қарағанда жас баланың көз жанары бірте-бірте жақсара түсетіндігі ескертілген. Бірақ, іс жүзінде олай болмады. Жас бала жыл өткен сайын минустары көбейген көзілдіріктерді пайдалануға мәжбүр болды. Ел қатарлы сапалы білім алуды басты мақсат тұтқан шәкіртке мұғалімдері де қолтығынан демеп, қолдау көрсетті. Бәлкім содан болар, Мұхтар Әлиасқарұлы мектепті бітіргенше тақтаға жақын алғашқы партадан орын алды. Турасын айтқанда білімге аса құштар бозбала сыныптастарынан қалмай аталмыш мектепті ойдағыдай тәмамдады.
Осы аралықта көз дәрігеріне қаншама көрінгенімен көз жанары айтарлықтай жақсармаған. Жастық жігерімен, ізгілікті ізденісімен көрші Қордай ауданындағы Ырғайты ауылшаруашылық техникумына оқуға түсті.Осы оқу орнын жақсы оқып бітірген кезде оқытушылары Мұхтарға Алматыдағы мал дәрігерлік зоотехникалық институтқа түсуге кеңес берді.
Өз мүмкіндігін ескерген жас жігіт туып-өскен Шу ауданына жолдамамен келіп, мамандығы бойынша қызмет етуге бел буды. Нәтижесінде, «Алға» кеңшарына веттехник болып орналасты. Мамандығына адалдық танытып жүре берер ме еді кім білсін, мал шаруашылығында, соның ішінде көшпелі қой шаруашылығында жұмыс істеу қиынға түсті. Сол себептен басқа кәсіппен айналысуға бет бұрды.
Жолы болғанда Шу локомотив депосына жай жұмысшы болып қабылданды. Бір жақсы жері жұмыс уақытында бір цехта болып слесарлық қызметті абыройлы атқара бастады. Сол тұста қордайлық қыз Клара Әжімханқызымен танысып, екеуі өз алдына шаңырақ көтереді. Жұбайы жоғары білімді аграном болғандықтан, аудандық ауылшаруашылық басқармасында ұзақ жылдар бойы өз мамандығына сай қызмет етті.
Ал, Мұхтар Әлиасқарұлы депоға бірінші разрядты болып қабылданса, бесінші разрядқа қол жеткізеді. Кәсіби шеберлігі шыңдалғанымен, есейе келе оның көз жанары кеми түседі. Осы жағдайды аңғарған депо басшылығы тәжірибелі слесарды Алматыдағы көз ауруын қарайтын институтқа жөнелтеді. Майталман мамандар Мұхтардың көз жанарын мұкият тексеруден өткізіп, екінші топтағы көз мүгедегі атануға қажетті дәрігерлік құжат дайындап береді. Мұхтар Әлиасқарұлының деподағы еңбек жолы осындай себеппен аяқталады. Қашанда еңбекке етене жақын Мұхтар бұдан кейінде қол қусырып отырған емес. Қазақ зағиптар қоғамы Шу оқу-өндірістік кәсіпорнына жұмысшы болып орналасады. Кәсіпорын басшылығы қандай жұмыс тапсырса да аянып қалған күні болған емес. Қысқасы, зейнеткерлік жасқа жеткенше осы кәсіпорынның отымен кіріп, күлімен шықты.Бар бақытын еңбектен тапқан Мұхтар Әлиасқарұлы қай жерде еңбек етсе де әріптестерінің алды болып, басшылықтан алғыс алған атпал азамат.Сондай-ақ ел алдында сіңірген еңбек үшін қолына тиген Мақтау қағаздары мен Құрмет граматалары қаншама десеңізші?!
Адам өмірінің жарқын белестерінің бірі – жетпіс жасқа таяп қалған Мұхтар Тазабеков табан жолын сәл көрсе де үй шаруасына қолқабыс тигізіп келеді. Мәселен, үйіндегі сауын сиырды ертеңгісін бақташыға апарып тапсырса, кешкісін алдынан шығып күтіп алады. Қалған уақытта мал қорасын тазалап, жем-шөпті әзірлеп қояды. Қой бағу мен құс өсіру де қолынан келетін іс. Өздеріне қажетті ет, сүт және жұмыртқа өнімдерін алып қалып, қалғандарын сатылымға қоятындары бар. Айта берсек мейірімі мол жанның бір шаңырақтың бас иесі ретінде атқарып жүрген абыройлы істері баршылық. Бір өкінетіні жұбайы Клара Әжімханқызының елу сегіз жасында мезгілсіз бақилық болғандығы қабырғасын әлі күнге дейін қайыстыруда.Асыл жарынан қапыда ажырағанына он төрт жыл өтсе де, көз жанары бұрынғыдан нашарласа да тағдырдың қатал сынына қарсы тұра білген Мұхтар Әлиасқарұлының табандылығы мен тәуекелшілдігіне еріксіз тәнті боласың.
Тағы атап өтер жай, бас кейіпкерімізге өзімен бірге тұратын ұлы Қуаныш пен келіні Гүлжанның ыстық ықыласы және қалтқысыз қамқорлығы бір төбе әңгіме. Қуанышы №10 Шу колледжінде ауылшаруашылық өндірісінің шебері, Гүлжаны Шу аудандық орталық ауруханасының ота бөлімінде тану жинақшысы қызметін атқарып жүр.
Атасының сүйікті немересі Адия М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушысы. Қарапайымдылығымен, қағылездігімен және қайсарлығымен өз қатарының алды болып жүрген Мұхтар Әлиасқарұлы Жамбыл облыстық зағиптар қоғамының бастамасын қолдап, Республика күніне орай киелі Түркістан қаласына барып, ұлылар рухына тағзым етіп қайтты. Қай кезде де көпшіліктің ортасынан табылып жүретін мүмкіндігі шектеулі жанның спорт түрлеріне қызығушылығы әлі де басым. Ол, әсіресе, дойбы ойынынан алдына жан салмайды. Жарыстың осы түрінен алдағы уақытта облыстық бәйгеге қатысып, аудан намысын қорғайтын болады. Ардақты ардагерге алдағы уақытта да жақсы істерімен ел құрметіне бөлене беруін нәсіп етсе деген ниеттеміз.
Ахметжан Қосақов,
ардагер-журналист.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.