Қасқайып өткен хас батыр
Халқымыздың арғы-бергі тарихына үңілсек, жауға атойлап шапқан, етігімен су кешіп, ауыздықпен су ішкен, ел басына күн туғанда ер намысын ту еткен небір батырлар өткен. Төл әдебиетімізді барласақ, сол жауынгер бабаларымыз екі иығына екі кісі мінгендей, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, қос қолы қарулы, екі көзі отты деп суреттеледі. Қарсы келген жаудан қаймықпаған батырларымыздың бәрін термелеп жазбасақ та, бүгін екіншідүниежүзілік соғыстың қаһарманы Қасым Қайсенов туралы аз-кем толғамақпыз. Биыл Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың туылғанына 105 жыл толып отыр.
Батырдың болмысын ашу үшін Қазақ ұлттық университетінің филология факультеті қабырғасында оқып жүргенде естіген, бойымызға жігер сыйлап, рух берген бір оқиғаны айтып берейін. Белгілі әдебиеттанушы ғалым, профессор Күләш Ахметова кезекті бір лекциясында Қасым атамыздың қайтпас қайраткерлігін баяндап берді. Фашистік Германияны ойсырата жеңген ұлы жеңістің 35 жылдығы қарсаңында Қасым Қайсенов Солтүстік Қазақстанның немістер көп шоғырланған бір ауданына барған екен. Зады неміс қой деп жанына Герольд Бергерді ертіп барған деседі. Келелі кездесуде бірнеше сұрақтар қойылып, соңына таман бір егде кісі “Сіз партизан ретінде қанша немісті атып өлтірдіңіз?” деп төтесінен сұрақ қойса, Қасым атамыз ойланбастан “Біз немістерді атпайтынбыз” депті. Қасым Қайсенов сөзін аяқтамастан сонда отырған неміс ұлтының өкілдері дүр сілкініп, орындарынан атып тұрып, қол соғыпты. Сол сәтте жауынгер “Біз партизан болғандықтан, бізге оқдәрі аз берілетін, оны үнемдеу үшін немістерді тірідей ұстап алып, бауыздайтынбыз” деген екен. Тұтқиылдан шабуыл жасаған немістерді жеңу үшін сол кездегі батырларға асқан қырағылық, батылдық керек болған. Біз осыдан-ақ Қасым Қайсеновты нағыз батыр, үлкен жүректің иесі екендігін байқаймыз.
Қашанда өр мінезінен айнымаған небір батырларымыз ноқтаға басы сыймай өтті. Сондай болмысы бөлек батырларымыздың бірі Қасым Қайсенов турасында небір әңгімелер бар. Соғыс өті өршіген 1941 жылы Қасым Қайсенов Мәскеудегі барлаушылар мектебінен соғыс тактикаларын үйреніп, жау жайлаған аумаққа ұшақпен түскен сәттен бастап партизандық өмірі басталады. Жарық дүниеге Қасым болып келген ол Украинада жауынгерлік қырымен көзге түсіп “Василий, Вася” деп атанып кеткен. Ол кезде Украина жеріне аттану дегеніңіз жау тылына, ажал аузына барумен тең болатын. Сөйтіп қазақтың қас батыры Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Соғыс жылдары «Вася» деген атпен бүкіл Украинаға танылған Қасым Қайсенов бұрын қазақ деген халықты көрмек түгіл, атын естімеген алуан түрлі ұлттардың арасында жалғыз өзі жай отындай жарқылдап, қазақтың батырлығын сан мәрте дәлелдеп, еліміздің абыройын асқақтатқанын мақтанышпен айтуға болады. Батыр бабамыз Украинамен қатар Молдавия, Закарпатье, Чехословакия, Румыния жерлерін азат ету үшін партизан қозғалыстарына қатысады.
1944 жылдары Карпатты қақ жарып өткен жорықта құрама командирі Александр Тканко: «Қасым, сенің бұл ерлігің Карпат шыңының тасына жазылуға тиіс» деп айтқан екен. Бұл қайтпас қайсар батырға қарата айтылған шынайы баға еді. Қасым Қайсенов бұл туралы бір естелігінде “Мен Украинада легендарный адаммын, онда мені тек Вася деп біледі. Украинада маған орнатылған ескерткіш бар. Карпат тауының ең ұшар басына, ең соңғы рет жау тылына барғанда алпыс адам ұшақтан түсіп іріткі салған ғой. Ол тауға түскен алпыс адамның елу үші қаза тауып кетті, жетеуіміз тірі қалдық. Сол Карпатта ұрыс салған алпыс адамға арнап, таудың ең биігіне мрамордан ескерткіш орнатқан. Вот, солай!” деп айтқан болатын. Сонымен қатар ол Киев және Полтава облыстарындағы партизандар қозғалысын алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде тарихта қалды.
Батырдың өміріндегі тағы бір қызықты оқиғаны айта кетсек. Сөз басында айтып өттік қой, украиналықтар қазақ жауынгерін қатты құрметтеген. Соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін Қасым Қайсеновты Украина жеріне қалуға үгіттеп, жақсы бір қызмет ұсынған көрінеді. Батыр бабамыз оны құп көріп сол жақта қалып қояды. Бәрінен қызығы Қасым атамыз соғыс басталмай тұрып 19 жасында 16 жасар Асыл атты қызды жары етіп алады. Батырдың жары бір естелігінде Қасым атамыздан соңғы хат алып, онда “біз осындай жау тылында жүріп жатырмыз” деген бір ауыз сөз жазады, не адресі жоқ. Соғыс бітеді, бірақ Қасым атамыз ұшты-күйлі жоқ, не хабар-ошар жоқ. Ол тұста Асыл апамыз “Социалистік Қазақстан” газетінде машинистка қызметін атқарып жүреді. Бір күні редакцияға Жұмағали Саин кіріп келеді. Ақын бір сөзінде Украинаға барамын дегенін Асыл апамыз құлағы шалып, оны бірден бас салады. “Аға мен Қасым Қайсеновтың жары едім. Соғыс біткелі бірде-бір хабар ала алмадым. Соны біле келіңізші” дейді. Сонда Жұмағали Саин “Ойпырмай Украинада сан мың халық бар, Қасымды мен қайдан табамын?” дейді. Күндердің бір күні Жұмағали Саин батырдың жарына қоңырау шалып, үйіне шақырады. Үйіне кіре бергенде Қасым атамыз алдынан атып шығып, апамыздың ернінен шөлп еткізген екен. Асау мінезді жауынгердің елге оралуына Жұмағали Саин осылайша себеп болған.
Жақында ғана израильдік тарихшының қасқая қарсы отырып Ресей федерациясының президенті Путинге кезінде Мәскеуді аман алып қалған қазақ жауынгерлері екендігін есіне салды. Өздерінің әскеріне қолына қарумен бірге Александр Бектің “Волоколамск тас жолы” кітабын қоса ұстататынын айтып, жауынгерлерін батыр Бауыржан бабамыздың азаматтық болмысы мен соғыс тактикасы арқылы тәрбиелейтінін жеткізді. Міне, біздің жат елдерге үлгі болған қайсар рухты батыр бабаларымыз қандай?! Бауыржан мен Рахымжанның жанында жүріп, үзеңгілес замандастарымен шүйіркелесе білген Қасым Қайсеновтың де батырлық қасиеті өз алдына. Жоғалғанымызды түгендеп, жыртығымызды бүтіндедік десек те, тапқанымызды қайта жоғалтып, бүтінімізді талқандап жатқандай көрінеді кейде… Өзіміз де бардың қадіріне жете алмай адамдықтан айнып, қадір-қасиетімізден жұрдай болып бара жатқанымыз тәрбиенің ақсап бара жатқанынан деп есептеймін. Біз де ел қорғайтын ерлерімізді тәрбиелеу ісінде “адамдық борышың-халқыңа еңбек қыл, ақ жолдан айнымай, ар сақта оны біл” деген Шәкәрімнің өлең жолдарын ұранға алып, хас батырларға еліктетіп, ел егемендігін бойтұмарындай сақтауға еңбегімізді сарқуымыз қажет.
Ертеде бір данышпан “Ақыл-ой еңбегінің ең маңыздысы және пайдалысы-өткен оқиғаларды жазу” деген екен. Оқиға арқылы орны бөлек тұлғаларымыздың қадір-қасиетін арттырсақ, артықшылығымыз сол болмақ. Еске түскен бір әңгіменің желісімен батыр есімін санада жаңғырта алсақ шыққан биігіміз осы болар.
Айғаным Асқарбек.