Аудан орталығында еңселі ескерткіш ашылды
Бейсенбі күні аудан орталығы – Төле би ауылындағы орталық саябақта Түркия мемлекетінің негізін қалаушы, сол елдің тұңғыш президенті, саяси қайраткер және әскери қолбасшы, әлемдегі адамзаттың өзара түсінісуі мен ұлттардың баянды ынтымағын насихаттаушы Мұстафа Кемал Ататүрік ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Оған жергілікті билік өкілдері, түрлі мекемелердің қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар, Төле би ауылының тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында алғаш болып сөз алған аудан әкімі Б.О.Жәнібеков көпшілікті тарихи тұлғаның ескерткішінің ашылуымен құттықтап, мұның бір ғасыр бұрын құрылған Түркия республикасының 100 жылдығына тамаша сый болып отырғандығын жеткізді.
-Әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға өзге елдерде ескерткіш орнату үрдісі қолға алынған. Мәселен, қазақтың бас ақыны – А.Құнанбаевтың ескерткіші Анадолы елінде орнатылған болатын. Сол секілді Мұстафа Кемал Ататүрік ескерткішінің ауданымызда ашылуы халықаралық достықтың нығаюына зор үлес қосады деген сенімдеміз. Біз түбі бір түркі жұртымыз. Тарихта болған қилы кезеңдерде қазақ халқы түрік ағайынды бауырына басса, олар да сындарлы сәтте жаттық жасаған жоқ. Бұл нағыз жанашырлықтың үлгісі. А.Құнанбаев адамзаттың барлығын бауырым деп сүюге шақырған. Өйткені, бұл өмірдің қағидаты. Бағымызға бұйырған бейбітшілікті баянды етуге талпынуымыз керек. Ол үшін ұлтаралық достығымызды күшейте беруге баршамыздың атсалысқанымыз абзал.
Ардақты жерлестер! Баршаңызды М.К.Ататүрік ескерткішінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің егемендігі баянды болып, екі елдің достығы жалғаса берсін. Мемлекеттік саясат аясындағы әр бастамамыз берекелі болсын,-деді Б.Жәнібеков.
Мұнан кейін, түрік этномәдени орталығының өкілі Б.Тагиров сөз сөйлеп, бұл шараның өңірдегі түрік ұлты өкілдері үшін маңыздылығына тоқталып, М.К.Ататүрік ескерткішінің ашылуын екі елдің арасындағы ынтымақ пен бірлікке, екі ұлттың арасындағы берік достыққа балады. Сонымен қатар, мұның өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне де зор ықпал ететіндігін тілге тиек етіп, қазақ халқының кең пейілді ұлттық болмысына ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өмірәлиев, түрік этномәдени орталығының өкілі К.Гусейновтер де ізгі тілектерін жеткізсе, Д.Қонаев атындағы орта мектептің оқушысы Л.Аббасова М.Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» өлеңін оқыды. Бұл өлең арқылы М.Жұмабаев 1919 жылғы Ұлт азаттық көтеріліс кезінде өзінің М.К.Ататүрік пен түркі халқын қолдайтындығын білдіреді. 2001 жылы түрік ақыны аталған өлеңге жауап жазып, М.Жұмабаевқа алғысын білдірген екен.
Осындай ресми сәттен соң, көптің қошеметімен шашу шашылып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өмірәлиев пен түрік этномәдени орталығының өкілі және ақсақалдар кеңесінің төрағасы Б.Тагиров еңселі ескерткіштің шымылдығын түрді. Салтанатты сәтте аудандағы түрлі мекеме басшылары мен қызметкерлері жаңа ескерткішке гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті.
Динара Батырхаирова.