Ақпараттық портал

Заң қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Елімізде 6-желтоқсанда Прокуратура күні атап өтілетіні бірнеше жылдан бері баршаға мәлім. Бұл кәсіби мерекенің шежіресі 1991 жылдың 6-желтоқсанында «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігін және тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулының қабылдануынан бастау алады. Бұл тәуелсіздік алғанға дейін елімізде заң үстемдігін қадағалау қызметі болмағанды білдірмейді. Себебі, ҚР мемлекеттік прокуратурасы 1922 жылдан бастап Әділет ұлттық комиссариатының құрамында жұмыс істей бастағаны белгілі.
Сәрсенбінің сәтінде Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков аудандық және көлік прокуратурасының қызметкерлерін қабылдап, төл мерекелерімен құттықтаған болатын.
– Ең алдымен сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Прокуратура күнімен шын жүректен құттықтаймын. Заңдылықтың сақталуын қадағалау жолындағы жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясына сәйкес Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесінің 1991 жылғы қаулысымен 6-желтоқсан елімізде тәуелсіз прокуратура органдары құрылған еді.
Кейін, бұл дата Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2004 жылғы 25 ақпандағы бұйрығымен 6-желтоқсан – Қазақстан Республикасы Прокуратура органдарының құрылған күні ретінде жарияланған болатын, – деген Бақытжан Оразалыұлы мереке иелерінің жұмысының маңыздылығына тоқталды.
– Сіздер ауданымызда мемлекет атынан заңдылықты сақтаудың жоғарғы қадағалауын қатаң жүргізіп, сотта мемлекет мүддесін қорғап, мемлекеттік міндетті мүлтіксіз орындап келесіздер. Сонымен қатар, азаматтарға айрықша көңіл бөліп, әрбір өтініштің тиісті дәрежеде орындалуына тер төгіп жүрсіздер. Сондықтан, атқарған ауқымды жұмыстарыңыз үшін алғыс білдіремін,-деді аудан басшысы.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, жемісті жұмыс істеген мамандар аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ бірқатар прокуратура қызметкерлері аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбеновтың қолынан Шу ауданының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жиын соңында мереке иелері жылы лебіз бен көрсетілген зор құрмет үшін аудан әкіміне ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да ел игілігіне лайықты қызмет етуге күш салатындарын жеткізді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.