Ақпараттық портал

Балалардың бұзақылыққа баруына ата-ана да жауапты

Ағымдағы аптаның басында Шу қаласындағы № 40 мектеп-лицейінде аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен, аудан әкімінің орынбасары Н.К.Сұлтанбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Дүрманов, жергілікті прокуратура және аудандық әкімдік қызметкерлерінің қатысуымен жиын өтті. Оған Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектеп, «Жібек жолы» мектеп-лицейі және № 40 мектеп-лицейдің жоғарғы сынып оқушылары, жауапты мұғалімдер және ата-аналар шақырылды.

Алғашқы болып сөз алған аудандық полиция бөліміне қарасты жергілікті полиция қызметінің бастығы Д.Бекбаулов басқосудың басты себебін түсіндірді. Айтуынша, жуырда Шу қаласындағы «Жеңіс» саябағы маңында кәмелетке толмаған балалар арасында бұзақылық орын алған яғни, футбол ойыны барысындағы келіспеушілікке байланысты жиылған бір топ бала екіге бөлініп, өзара төбелес ұйымдастыруға бел буған. Алайда, мұны сол төңіректегі жергілікті тұрғындардың дер кезінде аңғарып, полиция бөліміне хабарлауы нәтижесінде екі топ арасындағы шиеленіс те уақытылы тоқтатылған. Нақты айтқанда, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жасөспірімдермен жекелей сөйлесіп, мән-жайды анықтап, олардың ата-аналарына, мұғалімдеріне хабарласады. Бұзақылықтың алдын алу нәтижесінде ешбір балаға зақым келмей, жиналған оқушылардың барлығы үйлеріне жөнелтілген. Алайда, жоғарыда аталған үш мектептің оқушыларына қатысты қылмыстық іс қозғалып отыр. Өйткені, бұған дейін де бірнеше рет орын алған жасөспірімдер арасындағы мұндай бұзақылық әрекеттерге аудандық полиция бөлімі осы уақытқа дейін көз жұма қарап, қатаң шара қолданбай, түсіндіру жұмыстарымен шектеліп келген көрінеді. Соған қарамастан, оқушылар арасындағы келеңсіз жәйттер жиілеп барады. Әр кезеңде жүргізілетін рейдтік шаралар барысында да кәмелет жасына толмағандардың қандай да бір заңды өкілсіз түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде көп жүретіндігі, әлеуметтік желілерде ашылған бұзақылыққа шақыратын топтармен оқушылардың да байланыс орнатып отырғандығы анықталған. Сол себептен, полиция бөлімінің қызметкерлері өз тараптарынан аяушылық жалғаса беретін болса, жалпы ауданның оқушылары қылмыстық әрекеттерге бой алдырып кететіндігін, осыған орай енді мұндай мейірімділік болмайтындығын, оқушыларға қатысты қандай да бір бұзақылық орын алатын болса, оған қатысы бар әр бала қатаң жазаға тартылатынын ескертті және мұны ата-аналар қауымы да біліп жүруі қажеттігін назарға салды.
Ал, нақты жуырдағы оқиғаға қатысты айтар болсақ, бір-біріне күш көрсету мақсатында «Жеңіс» саябағы маңына 70-ке жуық бала жиналып, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері келген кезде олардың елу шақтысы оқиға орнынан бой тасалаған. Қалған балалардың барлығы бөлімге жеткізіліп, олардан түсінік алынып, ата-аналарының қолына табысталған. Жан-жақты зерделенген іс нәтижесінде 15 оқушы аудандық полиция бөлімінің тіркеуіне қойылып отыр. Мұндағы мамандардың сөзінше, бір күнде осыншама баланы тіркеуге алу өте сорақы жағдай. Өкінішке орай, олардың арасында оқу үлгерімі жақсы балалар да кезігеді. Жылдар бойы жақсы қырынан танылып келе жатқан балалардың болмашы нәрседен басталған бүлік үшін бір күнде полиция бөлімінің тізіміне алынуы олардың ата-анасына да, мектебіне де үлкен сын екені белгілі. Бұзақылық әрекеттерге тікелей қатысы бар балалардың ата-аналарымен, мұғалімдерімен де жұмыс жүргізіліп, олардың ата-аналары ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 442-бабымен жауапкершілікке тартылған.
Осы жәйттерді баяндаған Д.Бекбаулов оқушыларға да қатаң ескерту жасап, қазіргі уақытта жасаған бұзақылық әрекеттерінің өз келешектеріне тигізетін кері әсерін де түсіндірді. Оқушылардың балалықпен жасаған бұзақылығы үшін полиция бөлімінің тізіміне алынуы келешекте оның жоғарғы оқу орнына тапсыруы кезінде, қандай да бір қызметке орналасуы барысында да бүгінгідей дамыған заманда электрондық база арқылы алдынан тосқауыл болып шыға келетіні жасырын еместігі айтылды.
– Құрметті оқушылар! Біз қызметтік міндетімізге орай түрлі әлеуметтік желілердегі чаттарды ашып оқимыз. Онда кімнің не жазып жатқандығы полиция бөлімінің қызметкерлеріне аян. Сондықтан, кінәлі адам жазасыз қалмайды. Мұндай жиын бүгін соңғы рет өткізіліп отыр және алдағы уақытта оқушылар арасындағы бұзақылық та қайталанбайды деп есептеймін. Өйткені, бүгінгі басқосуға сендерді бекерге шақырып отырған жоқпыз. Осы жиыннан сабақ алып, бұдан былай бұзақылық әрекеттерге бармайды деп сенеміз.
Ал, ұстаздар қауымына айтарым, тәртіп бұзған баланы жасырмай, аты-жөнін бізге дер кезінде мәлімдеп, полиция бөліміне толық ақпарат беріңіздер. Мен мұғалімдерді түсінемін. Өз оқушысын тізімге енгізгісі келмейді. Алайда, оның арты жақсылыққа әкелмейтіндігін де түсінген жөн. Біз де оларды бірден тізімге тіркеп қоймаймыз. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тәртіпке шақыруға тырысамыз.
Тағы бір айта кететін жәйт, оқушылар арасындағы бұзақылық істерге мектеп басшылығы, мұғалімдер ғана кінәлі емес. Бірінші кезекте бұл мәселе ата-аналардың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Өйткені, балалар мектепте тек күндіз болады. Кешкі мезгілден бастап, түнгі уақытта ата-аналарының жанында. Соған қарамастан, біз түнгі рейд кезінде күнделікті 20-25 баланы көшеден ұстап жатамыз. Сондықтан, ата-аналарға айтарым, балалардың тәртібіне, түнгі уақытта көшеге шықпауына бірінші кезекте сіздер жауаптысыздар. Кәмелет жасына толмаған ұл-қыздардың түнгі ауысымда мейрамханаларда жұмыс жасайтынын да білеміз. Енді, бұл іске заң аясында қатаң қадағалау жүзеге асырылып, кінәлі тарап жауапкершілікке тартылатын болады,-деді Д.Бекбаулов.
Жиынның мақсаты да балалар арасындағы бұзақылықтың, оқыс оқиғалардың алдын алу болғандықтан, басқосу барысында бүгінгі таңдағы барлық өзекті мәселелер полиция бөлімі тарапынан ашық айтылды.
Мұнан кейін сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев орын алған оқиғаға шын мәнінде қынжылып отырғандығын айтып, бірінші кезекте оқушыларды ұстаздарын, ата-аналарын тыңдауға, үлкенді құрметтеуге шақырды. Сонымен қатар, білім бөлімі, полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп, аудан аумағындағы мектептерді аралап, ата-аналар төрайымдарымен де жолығып, балалардың тәртібіне қатысты өзекті мәселелерді назарға алып, оның шешімін табу жолдарын қарастыру жөніндегі ұсынысын жеткізді. Ал, оқушылар қауымын жат қылыққа еліктемей, бос уақытын жиын, төбелеске емес, саналы істерге жұмсауға үндеді.
Аудан әкімінің орынбасары көптің көкейінде жүрген тағы бір мәселені тілге тиек етті. Ол оқушылардың мотоцикл, электрлі мопед айдап, түрлі жол апаттарының орын алуына себепкер болып отырғандығы. Осындай техниканы балаға сатып әперген ата-ананың қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінбегендігі үшін оларға да заң аясында қандай да бір тәртіптік шара қолдану қажеттігін жеткізді.
Ал, жиынға қатысқан аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, подполковник Д.Қойториев өз сөзін әуелі оқушыларға бағыттады.
-Бүгінгідей дамыған заманда өмір сүріп жүріп, мынадай теріс қылықтарға бару оғаштық. Осыдан 20-25 жыл бұрын болған мұндай оқиғаларға кейде тұрмыстық тапшылық та өз әсерін тигізетін. Ал, қазіргі таңда оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Әр ата-ана өз баласын ешкімнен кем қалдырмай, қалағанын әперіп, бар қажеттілікпен қамтуда. Сол себептен, сендер сапалы білім мен саналы тәрбие алудан басқа ешнәрсе ойламауларың керек. Өйткені, ата-аналарың сендердің келешектеріңе зор сенім артып отыр. Кім біледі, мүмкін араларыңда білікті басшы, президент, генералдар отырған шығар. Бірақ, жат әдеттерді бойға серік етіп, бұл жолмен мұндай дәрежеге жете алмайсыңдар. Бүгінгідей бейқам өмірді қанағат тұтпай, бұзақылық жасайтын болсаңдар, онда заң алдында жауап беретіндеріңді ұмытпаңдар. Қылмыстың бір ғана өтеуі бар. Ол-жаза, темір тор. Қылмыстық істерге бейім кейбір жасы үлкен азаматтар мектеп оқушыларын «Сен кәмелет жасына толмағансың, саған еш нәрсе болмайды» деп алдап, теріс істерге итермелеп жібереді. Жоқ. 14 жасқа толған бала ауыр және аса ауыр қылмыс жасайтын болса, оның ісі тек заңмен қаралып, қылмыс жасаған баланың ата-анасы емес, өзі жауап беріп, тиісті жазасын алады. Бұл кезде анаң да, әкең де саған көмектесе алмайды. Сондықтан, осыны есте сақтаңдар. Бұл қорқыту емес, ескерту деп түсініңдер,-деді Д.Қойториев.
Полиция бөлімінің басшысы да алдағы уақытта түнгі рейдке өзі бас болып, тәртіп мәселесін қатаң қадағалауға алатындығын айтты.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Дүрманов заңға бағынбаған, ата-анасын тыңдамаған оқушылардың ата-аналарына айыппұл салу мәселесін қолдайтынын және ол жолға қойылса уақыты келгенде өз нәтижесін беретіндігін жеткізді. Ал, №40 мектеп-лицейдің директоры Тұрсын Қадыр мейрамханаларда жұмыс жасайтын оқушылардың мәселесі алаңдатып отырғандығын, бұған баса назар аудару қажеттігін алға тартты. Бұл ойды аудан әкімінің орынбасары да, аудандық полиция бөлімінің басшысы да қолдап, бірлескен жұмысты жүзеге асырып, түнгі сағат он бірден кейін баласын көшеге жіберген ата-ананы да, кәмелет жасына толмаған балаларды болмашы қаражат ұсынып, жұмысқа салған мейрамханалардың иесін де жауапқа тартып, тиісті шаралар қабылданатындығын мәлімдеді.
Жалпы, бұзақылықтың алдын алу шарасы ретінде өткізіліп, бүгінгі күннің өзекті мәселелері сөз болған жиынға жоғары сынып оқушыларының шақырылуы да өте орынды іс болғандай. Өйткені, олар да қоғамда, ауданымызда өздері секілді балалар арасында не болып жатқандығын біліп, бұзақылық әрекеттері үшін қандай жауапкершілікке тартылатынын полиция бөлімі қызметкерлерінің өз аузынан естіп, сабақ алуы қажет және мұндай жиындар баланың санасын оң арнаға бұруға септігін тигізеді деп сенеміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.