Инвестициялық штаб отырысы өтті
Қазіргі таңда өнеркәсіп саласы үлкен жобалардың бойтұмарына айналуда. Ал оны инвестиция тарту арқылы жүзеге асыру бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Осы тұрғыда ауданымызға бірқатар инвесторлардың қызығушылық танытып жатқанын да айта кетуіміз керек. Дәл осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың бағыт-бағдарын бұған дейін де жазғанбыз.
Ал өткен аптада аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен аудан прокуроры Қайыржан Қуатбековтың төрағалығымен инвестициялық штаб отырысы өтті. Басқосу барысында «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарма төрағасы Қайрат Мұхамбетқалиев мұндағы бірқатар жобалардың жоспарларымен таныстырды. Инвестициялық жобаларға қолдау көрсету, олардың түйткілді мәселелерін шешу тәсілдері және мемлекет ұсынатын мүмкіндіктермен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған штаб отырысында екі кәсіпорын өз өнімдерінің таныстырылымын жасады.
Ең алдымен «Бірлік құрылыс-жөндеу» ЖШС-нің директоры Бірлік Шымырбайұлы өз кәсіпорнында өндірілетін қап пен жіп өндірісінің жай-жапсарына тоқталды. Қазақстан нарығында жұмыс істей бастағанына 10 жылдан асқан серіктестік бүгінде арнайы экономикалық аймақта орналасқан. Серіктестік басшылығының айтуынша, қазіргі кезде компанияға жергілікті жердің тұрғындары жұмысқа қабылдануда. Одан бөлек, «C9 Technlogies» ЖШС-нің өкілі Нұрсұлтан Ерланұлы да өз өнеркәсіптерінің аяқ алысы туралы баяндады. Чектік және кассалық аппаратқа арналған ленталарды шығарумен айналысатын серіктестік қазіргі кезде «Тараз химиялық паркі» АЭА өз жұмысын жүргізуде. Аталған серіктестік басшылары өнімнің таныстырылымынан бөлек, өз тәжірибелерін ортаға салып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар, «Тараз Химиялық Паркі» АЭА басшысы Қ.Мұхамбетқалиев мұндағы жобалардың барысы, салықтық түсімдер мен тасымал бойынша көрсетілетін бірқатар жеңілдіктерді атап өтті. Өз кезегінде аудан прокуроры Қ.Қуатбеков те ауданымызға ат басын бұрған инвесторлардың бастамалары мен құжаттық рәсімдеріне заң аясында ешқандай кедергі болмайтындығын, керісінше жауапты мемлекеттік органдар тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілетінін жеткізді. Одан бөлек, экономикалық аймақтағы темір жол тұйығын рәсімдеудің жай-жапсары бойынша сұрақтар қойылып, тиісті мекеме тарапынан жауабы берілді. Аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы өңірімізге келген инвесторларға барлық жағынан көмек көрсетілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ серіктестік басшыларына мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді мейлінше қолдану керектігін жеткізді. Жиын соңында ауданымызда орналасқан банктер мен іргелі кәсіпкерлік нысандарының өкілдері өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.
Ерғали Қартайған.