Ақпараттық портал

Аудан қариялары атқарған жұмыс көп

Қалыптасқан қағидаға сай қазақ қоғамында қариялардың алар орны ерекше. Олар өмірлік тәжірибесі мен көрген- білгенін жастарға үйрету арқылы ізгілікке жол көрсетіп, түрлі қателіктерден тосатыны белгілі. Сондықтан болар халқымыз қарт жүрген жерді береке деп санаған.

Өңірімізде мұндай мәртебелі міндетті Шу аудандық ардагерлер кеңесі абыроймен атқарып жүр. Аталмыш ұйымдағы қариялар жуырда жыл қорытындысын жария етті. Аудандық Мәдениет үйінде өткен жиынға ұйым жетекшісі Ержан Өмірәлиев төрағалық етсе, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз алып, өңір қарияларына жемісті жұмыс үшін алғыс білдірді.
Одан бөлек, аудандық ардагерлер кеңесінің біріккен пленумінің құрметті қонағы ретінде қатысқан облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Қонысбай Ильясов шулық қариялардың шаруасын оң бағалап, жұмысты жандандыру бағыты бойынша бағдар берді.
Шу қаласы мен ауылдық округтардан келген ардагерлер, Билер мен Әкелер кеңесі, Аналар алқасының басшылары басқосқан пленумда Ержан Көрікбайұлы былтырғы жұмыстардың есебін ұсынып, атқарылған амалдарды тізіп берді.
Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының айтуынша, 2023 жылғы жоспарға сәйкес Ақсу, Жаңа жол, Қорағаты, Балуан Шолақ пен Дулат ауылдық округтарындағы ардагерлер жұмысына қатысты зерделеу жүргізіліп, тиісті кеңестер берілген. Одан бөлек, бірқатар іс-шаралар өтіп, тәлім-тәрбиеге қатысты басқосулар болған.
Тағы бір қуантарлығы, қариялар іс-шаралардан бөлек спорттық сайыстарда белсенділігімен үлгі көрсетіп жүр. Әрі түрлі жарыстан да олжалы оралуды әдетке айналдырған. Спорттың жеті түріне ден қойған аға буын өкілдері арасынан Әшім Сәлімов, Зухра Шоманова, Тұрсынкүл Кеншімова, Аббас Нашарбеков сынды есімдерді ерекше атауға болады.
Осы және өзге де жұмыстарды жіпке тізген Е.Өмірәлиев алдағы міндеттерді айшықтап, жоспарларды паш етті. Сонымен қатар жастарға тәрбие беру жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтіп, қанаттастарын осы іске ортақтасуға шақырды.
Толайым табыстарға толы жұмыстар Шу қалалық ардагерлер кеңесімен жүргізілген. 2023 жылғы жұмыстарды баяндаған төраға М.Бейсембаев та сандарды сөйлетіп, жүйесін тапқан жұмыстармен таныстырды.
-Шу шаһарындағы ардагерлер кеңесі әл-дәрменінше ұрпақ тәрбиесіне ат салысып келеді. Қазіргі таңда қалада 6,5 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олармен 27 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. 86 қария тыл ардагері болса, Ауған соғысы ардагерлерінің саны 26 болып отыр. Жалпы қалалық ардагерлер ұйымының құрамы 21 адамнан тұрады. Жыл ішінде жақсы жұмыстар атқарылды. Жасы егде қариялардың жағдайы жіті назарымызда. Қажетті кезде қошемет білдіреміз. Әрі бірлесіп түрлі шараларға қатысудамыз,-дейді Мелс Бейсембаев.
Бұдан бөлек, мінбеге Шу аудандық Билер кеңесі төрағасы Жұмаділдә Бәйтерек, «Аналар алқасының» төрағасы Айжан Иманова көтеріліп өткен жылдың есебін ұсынса, теміржолшылар қаласының биі Темірқұл Садырқұлов, қалалық Әкелер кеңесінің төрағасы Бірлікбай Жантаев, Алға ауылдық округының қариясы Рысбай Райысов, Жаңа жол және Ақсу ауылдың округының аналар кеңесінің жетекшілері Ұлзейнеп Байдосова, Мейрамкүл Баялбековалар жарыс сөзге шығып, күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды.
Сондай-ақ жиын барысында облыстық ардагерлер басылымы «Ғұмыр-Дария» газетіне жазылуды ұтымды ұйымдастырған Қорағаты ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Тәңірберген Жексенбиевке сый-сияпат тапсырылды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.