Білікті ұстаз – білімді ұрпақ кепілі
«Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» депті бір кездері айтулы арысымыз Мағжан Жұмабаев. Иә, осы бір тауып айтылған сөзге ешкімнің таласы жоқ. Неге десеңіз, ойы озық, білімі терең ұрпақ тәрбиелеуде қадірлі маман иелерінің үлесі зор. Халқымызда «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» деген даналық сөз бар. Демек, дүниемізді жарық етіп, әр баланың шамшырағын жағатын ұстаздар қауымының мерейін тасытып, абыройын асырсақ, одан асқан бақыт жоқ шығар, сірә?!
Осыған орай, Шу ауданының білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов аудандағы білім беру ұйымдарындағы білімі мен біліктілігін тең көрсетіп, білім саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізіп жүрген, озат шәкірт тәрбиелеуде озық тәжірибесі бар кіл мықты ұстаздардың басын қосып, дөңгелек үстел басында жүзбе-жүз тілдесіп, емен-жарқын әңгіме өрбітті.
Еркін форматта өткен кездесуде педагогтар қауымы дамушы мемлекетіміздің білім деңгейін дамытуға бағытталған түрлі ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын да алға тартты. Көбінің ойы қарыштап дамып жатқан заманның көшіне ілесу үшін материалдық базаны нығайту қажет дегенге ойысты. Десе де, қолда барды ұқсатып, жоқтан бар жасауды да жөн деп тауып, білімді ұрпақ қалыптастыру ісінде жан-жақты болуға ұмтылу керектігін айтты. Сондай-ақ, республика көлемінде Жамбыл облысының рейтінгі жоғары болу үшін жас мамандарға алдыңғы буын жол көрсетіп, түрлі бағдарламалар мен курстық жобаларды жүзеге асырып, тәжірибе алаңында шыңдауы қажет дегенге уағдаласты. Бұдан бөлек, физика-математика бағытындағы мектеп ашу, интернет платформалары арқылы виртуалды зертхананы ұтымды пайдалану, білікті ұстаздардың әдіс-тәсілдерін бөлісуге жағдай жасау, бәсекеге қабілетті жас мамандар даярлау, білім беру ісінде жалған пафосқа жол бермеу, білімді тәрбиемен ұштастыру, қосымша білім беру ұйымдарының жұмысын жандандыру, шығармашыл тұлғаны қалыптастыру сынды ұсыныстар айтылды.
Жиын соңында аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ләйла Бегімбаева мен аудандық кәсіподақ төрайымы Аида Бекмурзина ұстаздарға жылы лебізін жеткізді. Әрі ұлағатты ұстаздарға кішігірім сыйлық үлестіріп, естелікке суретке түсті.
Айғаным РЫМБЕКҚЫЗЫ.