Бокс бәсекесі басталды
Осы аптаның ортасында Шу ауданында мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек ері, академик Д. Қонаевты еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасында Жамбыл облысының чемпионаты жалауын желбіретті.
2010-2011 жылдары туған ұландар арасындағы бәсекеге Тараз қаласы мен аудандардан келген командалар қатысуда. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.
Сондай-ақ болашақ былғары қолғап шеберлеріне Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті Б.Байбол да тілеулестік танытып, халықтың біртуар перзенті туралы сыр шертті.
Мұнан соң жарыстың супервайзері, халықаралық дәрежедегі 3 жұлдызды ІВА төрешісі Б. Бекпенбетов қатысушыларды бастап залдан алып шықты. Ұйымдастырушылардың айтуынша бұл додада барлығы 250-ге жуық жасөспірім қатысып отыр. Үш күнге созылатын чемпионаттың жеңімпаздары жақын күндері анықталмақ.
Байжан Емберді.