Ақпараттық портал

ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙТІН МӘСЕЛЕ

Бүгінгі таңда тұрғындарды, әсіресе ауыл-аймақтағы ағайындарды жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып отырғаны белгілі. Осыған орай, апта басында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте халықты тұрақты жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың аяқ алысы талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Мансап орталығының өткен жылғы жұмысы сараланып, биылғы жылға арналған жоспары талқыланды. Атап айтқанда, Шу қаласы мен елді мекен тұрғындарын ақылы қоғамдық жұмыспен қамту, алғашқы жұмыс орны, жастар практикасы, күміс жас сынды жобалардың орындалу деңгейі қаралды. Атқарылған жұмыстың ауқымына тоқталған Мансап орталығының директоры Ержігіт Омбаев өткен жылы «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында 7865 тұрғын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылғанын айтады.
– Былтырғы жылдың 12 айында 3960 адам тұрақты жұмысқа орналасса, ақылы қоғамдық жұмыспен 1242 адам қамтылды. Одан бөлек, 340 түлек жастар практикасы, 59 түлек алғашқы жұмыс орны, 85 адам күміс жас, 3 адам ұрпақтар келісімшарты жобалары арқылы жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, 100 адамға қайтарымсыз грант берілсе, бастау-бизнес жобасына 741 адам қатысты. Ал ағымдағы жылдың жоспарына сәйкес, 6425 тұрғынды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланса, алғашқы екі айдың өзінде 1051 адамға жолдама берілді, – дейді орталық директоры.
Тағы бір айта кетерлігі, аудан әкімінің өткен жылғы халықпен кездесулерінде бірқатар ауылдарда электрик мамандардың тапшылығы сөз болған еді. Осыған орай, былтыр аудан басшылығы тарапынан әр ауылдық округтен бір-бір адамнан арнайы оқытуға жіберілді. Өз кезегінде аудан басшысы аталған оқуды тәмамдап келген электрик мамандар мен D категориялы жүргізушілерді уақыт оздырмай тиісті жұмыстарға орналастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, кеңес барысында аудан жастарын әскерге шақыру мәселесі де қаралды. Аталған тақырып бойынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Жандос Абиев баяндама жасап, көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқанында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бөлім бастығының айтуынша, өткен жылдың қорытындысына сәйкес әскерге шақыру науқанындағы негізгі жоспар 103 пайызға орындалыпты. Нақтырақ айтқанда, былтыр ауданымыздағы 273 жас әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған.
– Ағымдағы жылдың 9 қаңтарынан бастап аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім тарапынан көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда арнайы бекітілген кестеге сәйкес 16 ауылдық округте әскерге шақырылушыларды зерделеу жұмыстары жүргізілді. Айта кету керек, кейбір ауылдық округтегі әскери есеп ісін жүргізуге жауапты мамандар өз ісіне салғырт қарауда. Өйткені, олардың бірқатары әскерге шақырылушылардың бекітілген жиынға келуін, олар жоқ болған жағдайда ата-аналарының келуін қамтамасыз ету жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмады. Тіпті, ауылдық округ әкімдеріне зерделеу жүргізілетін күннің мерзімін жеткізбегендері де бар. Әскерге шақыру жасағын уақытында әрі сапалы орындауда зерделеу жұмыстарының алатын орны ерекше екенін ескерсек, ауылдық округ әкімдерінен аталған жұмысқа жауапкершілікпен қарауын сұраймын, – деді Ж.Абиев.
Жиын соңында аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы ауылдық округ әкімдеріне жергілікті жердегі әскери есеппен айналысатын мамандардың жұмысын ширатуды тапсырды. Сонымен қатар, жұмыспен қамту мәселесі бойынша да бірқатар ауылдық округ әкімдеріне сын-ескертпелерін жеткізіп, ағымдағы жылы тұрғындарды жұмыспен қамту шараларына белсенді түрде кірісу қажеттігін атап өтті.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.