Әке жолы ізгілікке бастайды
Қазіргі таңда ата-аналар бала тәрбиесінде ұзын арқан, кең тұсауға бой алдырып, ұлттық тәрбие тізгінін босатып алғандай. Соны аңғарған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барша ата-анаға айтарым: балаларыңыздың зорлық-зомбылық жасауына, қоғамдық тәртіпті бұзуына ерік бермеңіздер. Әсіресе, оларды мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар…» деген болатын.
Ата-ана мен мектептің қарым-қатынасы – ұрпақ тәрбиесінің қайнар бұлағы. Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелілігі мектептің ата-аналармен және қоғамдастықпен бірлескен әрекетінен байқалады. Мұғалім мен ата-ананың қарым-қатынасында негізгі рөлді педагог атқарады, өйткені тәрбие жұмысы – оның негізгі мамандығы. Мұғалім ата-аналармен жұмыс істей жүріп, баланың мінез-құлқына, оқу үлгеріміне, тәртібіне, жетістігі мен көзқарасына және тағы басқа да қасиеттеріне баға беріп отырады.
Биылғы оқу жылында министрлік жанындағы «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» ғылыми-әдістемелік кеңесінің ұсынысына сәйкес, өңірдегі мектептерде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталықтары ашылды. Педагогикалық қолдау орталығының мақсаты – балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуде мемлекеттік орта білім беру ұйымдары мен ата-аналар арасындағы тиімді өзара іс-қимыл үшін жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады.
Жуырда «Даналық мектебі» клубының жылдық жоспарына сәйкес, отбасындағы әке рөлінің мәнін ұғындыру, әрбір тұлғаны тәрбиелеу туралы ой-пікірлерімен бөлісу, әр отбасының ұйытқысы, негізгі тірегі – әкеге деген құрмет пен сүйіспеншілікке бала махаббатын ояту мақсатында «Әке жолы – ізгіліктің іздері!» тақырыбында әкелермен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кездесуді мектеп директоры Қ.Иманқұлова құттықтау сөзімен ашты. Іс-шараға Шу ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өмірәлиев пен Шу ауданы аналар алқасының мүшесі, ардагер ұстаз Д.Бейсенбаева қатысып, үлгілі әкенің қандай болу керектігін алға тартып, даналық ойларымен бөлісіп, ер баланың өсіп-жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуында, қоғамдағы өз орнын дұрыс таба білуінде әкенің атқаратын еңбегі ерекше екендігі жайында әңгіме өрбітті. Әкенің айтқанымен жүрген бала өз жүрісінен жаңылмайтындығы, әкені тыңдап өскен бала өмірдегі жолын тауып, жақсы азамат болып, еліне адал қызмет ететіндігі жайында да іс-шараға қатысқан қонақтарымыз өздерінің ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Марияна Спанова,
Сәду Шәкіров атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.