Ақпараттық портал

Қысқы сессияның ашылуы

Бүгінгі таңда жастарды қоғамға лайық, жан-жақты дамыған азамат етіп тәрбиелеуде Төле би ауылындағы ресурстық орталығы он жылдың ішінде айтарлықтай тәжірибе жинақтады деуге болады. Сондықтан да Мұқағали Мақатаев атындағы тірек орта мектебін болашақ ұрпақты өнегелі буын қатарына қосып, бағыт беріп, толассыз білім мен тәрбиеге жетелейтін тағылымы мол білім ордасы деп білемін. Мектебіміз жаңа технологиялық құралдармен жабдықталған, компьютерлер интернет желісіне қосылған, электронды пошта, мектеп сайты үздіксіз жұмыс істеуде.
2012-2013 жылдан бері тірек және магниттік мектептер бір-бірімен тәжірибе алмасып, етене жұмыс жасап, үздіксіз ізденістермен нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Ресурстық орталыққа шалғай ауылдағы Алға, Жайсан, Еңбекші және Шерхан Мұртаза атындағы орта мектептерінің 8-11 сынып оқушылары жылына үш рет (қазан, ақпан, сәуір айларында) келіп сессиядан өтеді. Ковид індетінен кейін төрт жыл бойы онлайн оқыған оқушылар тірек мектебіне келе алмай қалған еді.
Үстіміздегі жылдың 29-шы қаңтарынан бастап мектебімізге қысқы сессияға оқушылар сағынышпен асыға келді. Ресурстық орталықта қысқы сессияның ашылу салтанаты ерекше аталып өтті. Жиынға Шу ауданы әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, Шу ауданының білім бөлімінің басшысы Т.Дурманов, Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ғ.Қойбағаров және магниттік мектеп басшылары мен мұғалімдері қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
Жиын барысында тірек мектебінің эксперимент ісі жөніндегі орынбасары Баян Ниятуллақызы 2012-2013 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан нәтижелі жұмыстарға тоқталып, ілінген әр кинолентаға шолу жүргізіп, естен кетпес естелік кезеңдерді еске түсіріп, ресурстық орталық жұмысының мәні мен мағынасын келген қонақтарға ашып көрсетті. Қысқы сессияның ашылуын әр магниттік мектеп оқушылары өздерінің ұрандарымен бастады. Тірек және магниттік мектеп оқушылары мейірімділік қағидасын қалыптастыруда бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, даналық ағашына алма жемісін ілу арқылы бір шаңырақ астында бір отбасының балаларындай мақсаты бір екендерін осы әдіспен дәлелдей білді. Кештің көркін мың бұралған бишілер, жанға жылулық сыйлайтын сазды әуендер аша түсті.
Кеш соңында келген қонақтардан, магниттік мектептерден келген ұстаздардан сұхбат алынды. Алдағы уақытта тірек мектеп пен магниттік мектептердің жұмыстары жанданып, тәрбие мен білімді тел емдіруге барын салатын ұстаздардың жоспарға сәйкес бекітілген танымдық сағаттары әр оқушының жүрегіне жылулық ұялатып, тағылымы мол тәрбиеге жетелейтініне сенімі мол. Ал танымы мен тәрбиесі ұштасқан оқушының білімі де өн бойына тарап, жемісін берері сөзсіз.
Булбул Кусаинова,
М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің (РО) қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.