Ақпараттық портал
Screenshot

Ақтөбеде атқарылған тірлік көп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында «Ауыл – Ел бесігі» жобасының маңыздылығына тоқталып, оны әрі қарай дамыту керектігін айтқан болатын. Ол өз сөзінде: «Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес.
Біз «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Біз шағын елді мекендерді дамытуға қатысты өте күрделі мәселені шешуіміз қажет. Өңірлік стандарттар әзірленді. Енді оларды үш мыңнан астам негізгі және қанаттас ауылды елді мекендерге енгізу қажет» – деген еді. Шынын айту керек, кейінгі жылдары аталмыш жобаға енген ауылдық округтерде үлкен бетбұрыс жасалып, елді мекендердің кескін-келбеті сәндене, тұрмыс-тіршілігі әлдене бастады. Оны өңіріміз бойынша «Ауыл – Ел бесігі» жобасына енген ауылдарда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардан да аңғаруға болады.

Дәл осы жоба аясындағы жұмыстар ағымдағы жылы бірқатар ауылдық округтерде жалғасын тапты. Аталған игі бастамалардың нәтижесін көзбен көру мақсатында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков біршама ауылдарды аралап, атқарылған жұмыстарға өз бағасын берді. Мәселен, биыл аудан орталығынан шалғайда орналасқан Ақтөбе ауылдық округіндегі Жамбыл, Сәтпаев, Естемесов, Жеңістің 30 жылдығы және Орталық сынды жалпы ұзындығы 4 шақырымға жуық бес көшеге «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық асфальтталған. Шынын айту керек, бұған дейін бұл округтегі көшелердің әбден тозығы жетіп, мүлде жөнделмеген болатын. Бұған қоса, тұрғындардың өтінішіне сәйкес көшені жарықтандыру жұмыстары да өз шешімін тапты.
Сонымен қатар, өткен жылы аталмыш ауылға ауыз су тарту жұмыстары бастау алып, ол да биылғы жылы аяқталып отыр. Қазіргі таңда ауылдықтар ауыз суды өз үйлеріне қостырып жатыр. Бұдан бөлек, аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі барысында ауылдықтар мұндағы ағын су каналдарына қатысты мәселені көтеріп, оның оңды шешілуіне қолұшын беруін сұраған болатын. Осыған сәйкес, аудан басшысы ауыл маңындағы «Масақ Ақтөбе» каналының басында болып, мәселені көзбен көрді. Тиісінше, ағын суды егістікке қарай беттейтін құрылғылардың әбден тозығы жеткенін көріп, жауапты мекеме басшысы мен ауыл әкіміне олқылықтарды уақыт оздырмай шешуді тапсырды. Оған қоса, Бақытжан Оразалыұлы аталған ауылдағы жол жөндеу жұмыстары келесі жылы да жалғасын тауып, 2026 жылға дейін жол мәселесі толық шешімін табады деп жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға қарап және оның келесі жылы да жалғасын табатынын ескерсек, алдағы уақытта ауылдықтардың тынысы бұдан әрі кеңейе түсетіндігіне шүбә келтіре алмаймыз. Бір ғана ауылда дәл осындай ауқымды жұмыстың бұрын-соңды болмағанын да айта кеткен жөн.

Әйгерім ТҰРАРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің студенті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.