Аудан нышаны ауысты
Еліміздегі әрбір ауданның төл тарихынан қысқаша ғана хабар беретін өз логотипі болатыны белгілі. Соған қарап сол өңірдің тарихы мен тыныс-тіршілігінен хабар алуға болады. Жаңа көзқарастар мен тың түсініктер пайда болған уақытта нышандар заман талабына сай өзгеретіні де заңдылық.
Ол туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет» деген болатын. Осыны ескерген Шу ауданының әкімдігі өңірдің логотипін ауыстыруға шешім қабылдады. Мұндай дүние қазіргі түсінікпен тарқатқанда «Ребредин» деп аталады. Аталмыш жаңашылдық шұғылалы Шу ауданында орын алуда. Яғни, ұзақ талқылау мен таңдаудың нәтижесінде қабылданған Шу ауданының жаңа төлтаңбасын назарларыңызға ұсынамыз.
Бұл туралы бізге ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Түмен-баев мәлімет ұсынып, жаңа таңбаны таныстырып өтті.
– Аталмыш логотип алғашқы нышанның мәнінен қатты алшақ емес. Жаңа нұсқадан да өңірдің тоғыз жолдың торабында орын тепкенін оңай түсінуге болады. Одан кейін Шу өзенінің бойында қазақ хандығының қазығы қағылғанын байрақтағы белгіге қарап білеміз. Сонымен қатар жаңа логотипте халқымыздың бірлігі мен ынтымағын, татулығы мен мызғымас беріктігін сипаттайтын киіз үйді көре аламыз. Ықылымнан ақындар мен өнерпаздардың өлкесі болған Шу топырағының қысқаша белгісін латын қарпіндегі “Shu” сөзінен байқауға болатынын айтқымыз келеді. Осылайша Шу ауданының жаңа логотипі айқындалып, ресми түрде таныстырылып отыр,-дейді Балаби Алибиұлы.
Жасыратыны жоқ, бұрнағы аудан нышанының қабылданғанына біраз жыл болды. Халқымыздың «Елу жылда ел жаңа» дегені тағы бар. Өзіндік мән-мағынасы бар жаңа логотип жақсы күндердің куәсі болады деп сенеміз!
Байжан Емберді.