Сайлау жүйесіндегі өзгерістер
2023 жылы өткен ҚР Парламенті мен мәслихаты депутаттарының сайлауы жаңа жүйе бойынша өткеннен кейін, Президентіміз Қ.Тоқаев «Сайлаушылар да, үміткерлер де айрықша белсенді болды. Саяси партиялар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті. Бірнеше рет тікелей эфирде партиялар арасында қызу және тиімді пікірталас болды. Бұл демократиялық қоғам үшін қалыпты үрдіс. Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті», – деп атап өтті.
Ауданымызда барлық деңгейдегі сайлауларды ұйымдастыру мен өткізуді іске асыру үшін Шу аудандық мәслихатының шешімімен аудандық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамы сайланған. Сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
Барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары мүшелерінің тікелей міндеті – сайлауды ашық әрі әділ өткізу. Қоғамда әлі де болса комиссия мүшелеріне сенімсіздік пікір қалыптасқан. Осы пікірден арылу мақсатында заң талаптарына енгізілген өзгерістер бойынша комиссия мүшелігіне сайланатын азаматтарды саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Бүгінгі күнге ауданымыздағы сайлау комиссиялары құрамына «Аmanat», «Ақ жол», «Ауыл», «ҚХП», «БСДП», «Байтақ», «Республика» саяси партиялары мен «Балық FЕST» ҚБ, «Желтоқсан тағылымы» ҚБ ұсынған азаматтар сайланған. Атап өтетін жайт, өз міндеттерін атқаруда заң бұзушылыққа жол берген комиссия мүшелеріне қатысты заң талаптарымен әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тарту жолдары күшейтілуде.
Комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кезең-кезеңімен оқытуды іске асырып келеді. Сондай-ақ, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен, Шу ауданы бойынша жаңадан сайланған комиссия мүшелерінің сайлауда тәжірибесі жоқ 93 комиссия мүшесіне ағымдағы жылғы 23 сәуірде оқыту семинары өткізіліп, сертификат табысталды.
Шу ауданы бойынша 44 сайлау учаскесі жұмыс атқарады. Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан әкімінің шешімімен Шу қаласы мен Төле би ауылдық округіндегі сайлау учаскелерінің шекараларына өзгерістер енгізілді. Ендігі кезекте Шу қаласының солтүстік бөлігінде орналасқан жаңа тұрғын үй аумағының сайлаушылары №10 колледжге ауыстырылған №452 сайлау учаскесінен дауыс беретін болады.
Барлық сайлау учаскелері ғимараттың бірінші қабатында орналасқан, мүгедектігі бар азаматтар үшін дауыс беру орны жабдықталған орындармен (бұрыш), пандустар, тактильді көрсеткіштермен қамтылған. Сайлау науқаны кезінде үй жағдайында дауыс беру ұйымдастырылады және учаскеге келушілерге 2 инватакси қызмет көрсетеді.
Аудан бойынша ауылдық округтер саны 19 болса, оның ішінде қала-1, ауыл-2, ауылдық округ-16.
2021 жылы «ҚР сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер енгізілгелі бері 16 әкім тікелей халықтың дауыс беруі арқылы сайланды. Сайлау барысында Бәйдібек ауылының сайлауында сайлаушылар өте жоғары белсенділік танытса, Шу қаласы әкімін сайлауда сайлаушылардың келуі өте төмен болды. Сайлаушылардың белсенділігін арттыру – күн тәртібінде тұрған мәселе. Бір қуантарлық жағдай, сайлауға жастардың белсенді қатысып, ауыл әкімдігіне сайлануы.
Аудандық мәслихатқа сайланған депутаттардың саны-17. Оның ішінде ұсынылуы бойынша мандаттар келесідей бөлінген: «AMANAT»-9, «Ақ жол»-3, «Ауыл»-1, өзін-өзі ұсынған-4. Сайланған депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жыл. «Сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңына сәйкес, сайланған депутаттардың мандатын алғашқы және соңғы жылы кері қайтарып алуға болмайды. Қалған жылдары депутат сайлаушылар үдесінен шықпаса, бастамашыл топ ұсынысымен мандатын кері қайтаруға болады.
Сайлау науқандары кезінде сайлау бюллетеньдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатындағы аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің жұмысы көңіл толарлық екендігін атап өткен жөн. Сондай-ақ, прокуратура, сот, «Қазақтелеком» АҚ, төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері өз міндеттерін заң талаптарына сәйкес атқарып келеді.
Азамат Ошанов,
Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.