Мемлекеттік қызметтің басты ұстанымы – әдептілік
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет алдына үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық, әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылатыны олардың іскерлігін ғана емес, айналасындағыларға деген құрметі мен ізетін жетілдіру. Себебі мемлекеттік қызметшінің білімі мен біліктілігіне және жүріс-тұрысына қарай қазіргі қоғамда халықтың атқарушы билік жайлы көзқарасы мен оған деген сенімі қалыптасатыны белгілі.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы басты құралы болып табылатын Әдеп жөніндегі кодекс жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейтін маңызды құжат. Ол мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетін ғана емес, сондай-ақ, олардың өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандарттарын бекітеді. Әдеп кодексінің талаптарына сай, мемлекеттік қызметші қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін жағдайларға жол бермеуі міндетті.
Сонымен қатар, ол қарапайым болуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға, өз тарапынан қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке үндейтін заңнама талаптарын бұзбауға және басқа азаматтардың құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауына жол бермеуге тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмеу керектігін назардан шығармағаны жөн.
Мемлекеттік қызметшілер әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде де жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, өзге желі пайдаланушылармен сөйлесу кезінде сыпайылық танытуға, шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттарды таратпауға, өзінің іс-әрекетімен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға міндетті. Әрбір мемлекеттік қызметші алдымен халыққа қызмет етеді. Мемлекеттік қызметшілер күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділ-дік, адалдық сияқты принциптерді ұстанған жағдайда ғана мемлекет пен халық арасындағы байланыс пен сенім нығаяды. Осыны естен шығармау маңызды.
Абылай Мырзақұлов,
Шу аудандық сот әкімшісінің
басшысы.