Тұғырлы тұлғаның бюсті бой көтерді
Мәңгілік елдің іргесін қалауға бекінген елде тұрпаты бөлек тұғырлы тұлғаларды үлгі тұту үрдіске айналуы тиіс. Ұлт қаһармандарынан, ұлттық рухы биік азаматтардан үлгі алғанда ғана саналы ұрпақ қалыптаспақ. Бар қазаққа бас болған Дінмұхамед Қонаев атамыздың “Асыл азаматтардан айырылармыз, ол өмір заңы, бірақ олардың артында қалдырған өшпес ізі – өнегелі ісін ұмытуға хақымыз жоқ. Қайта мақтаныш етуге тиіспіз. Ұрпақ жалғастығы осымен баянды, осымен құдіретті” деген сөзі дәл өзіне арналып айтылғандай. Бүтіндей бір қазақ елінің, қала берді көршілес елдердің мақтанына айналған Димаш атамыздың жарқын істері Қазақстанның түкпір-түкпірінде сайрап жатыр.
Алысқа бармай-ақ, Шу өңірінің өзіне көзінің тірісінде бірнеше рет табан тіреп, өнеркәсіптің ілгерілеуіне, шаруаның оңтайлануына көз қырын салғаны белгілі. Тіпті, Қонаевтың қолын алып, көзін көргендер арамызда баршылық. Дара тұлғаның құрметін асырғанымыздың жарқын көрінісі осы болса керек, ауданымызда Қонаев атымен аталатын ынтымағы жарасқан көпұлтты ауыл болса әрі сол ауылдағы білім ордасы да Қонаев атымен аталғаны тегін емес. Қонаевтықтар бұнымен тоқтап қалмай, өскелең ұрпақтың санасында болмысы бөлек азаматтың жатталып қалуы үшін де тағылымды істерге жол салуда. Соның бірі, күні кеше ғана орын алған Қонаев атындағы орта мектептің алаңқайындағы Дінмұхамед Қонаевтың бюстінің ашылу салтанаты.
Шежіре тұнған Шу өңірінің топырағынан талай тарландар мен тарпаңдар туып-түлесе, осы қасиетті топыраққа елге кеңінен танылған талай тұғырлы тұлғалар да табан тіреген. Біз оны тарих беттерін қайта ақтарғанда ғана біле аламыз. Бірнеше мәрте Қонаевтың да шуақты өлкеден дәм татқанын, іссапармен арнайы келгенін де алдыңғы буын ел ағалары әлі де ұмыта қойған жоқ. Ұрпақтар сабақтастығының тіні үзілмегендігінің белгісі дерсіз, дәл осы салтанатты шараға Димаш атамыздың көзі тірісінде құрылған Қонаев қорының мүшелері де арнайы келіп, тәрбиелік мәні зор шараның маңызын арттыра түскендей. Аталған игі шараға Д.Қонаев халықаралық қорының вице президенті Болат Байболов, аталған қордың белді мүшесі Қалдарбек Сраилов келді. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов, Қонаев ауылының әкімі Нұрсұлтан Нұрмағанбетов, Қонаев халықаралық қорының Шу ауданындағы мүшелері Шолпан Рысалиева, Жұмахан Чекаев, Қонаев атындағы орта мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, демеушілік көрсетіп жүрген Жұмахан Оспанов, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы және ата-аналар қатысты.
Салтанатты шараға келген қонақтар таныстырылғаннан кейін, ең алғашқы сөз Қонаев халықаралық қорынан келген Болат Байболов пен Қалдарбек Сраиловқа берілді. Қонаев халықаралық қорының вице президенті Болат Байболов Қонаев бюстінің салынуына атсалысқан азаматтарға Алғыс хат табыстап, Қонаев атындағы орта мектептің директоры Махаббат Сұлтановаға Д.Қонаев қорының төсбелгісін тақты. Дәл осы игі шарада бірқатар азаматтар текті тұлғаның адамдық қасиетін, елге сіңірген еңбегін айтып, өскелең ұрпақты үлгі алуға үндеді. Мұнан кейін Қонаев бюстінің шымылдығы ашылып, гүл шоқтары қойылды. Тәрбиелік мәні бөлек шарада концерттік бағдарлама да ұсынылды. Сондай-ақ, салтанатты шараның соңында Димаш атамызға құран бағышталып, арнайы ас берілді.
Айғаным Асқарбек.