Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы
Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Дегенмен, денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға қашанда дайын тұратын дəрігерлерді əрдайым дəріптеуіміз керек.
Қызметіне адал, елге жанашыр дəрігерлер осынау сын сағатта уақытпен санаспай, еңбегін бұлдамай жаһанды жайлаған індетпен күресте аянбай тер төгіп жүр. Күні-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз жұмысқа жегіліп, тығырықтан шығар жол іздеп, қауіпті дерттің емін табуға бар білім-білігін, күш-жігерін салып жатқан дəрігерлердің талпынысы дəтке қуат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі қысылтаяң кезеңде алдыңғы шепте қызмет етіп жүрген дəрігерлер мен медицина қызметкерлеріне қуатты қолдау көрсетіп, зор сенім білдіріп отыр.
Расында, медицина саласының мамандары қандай мəртебеге, марапатқа болсын əбден лайық. Соған сəйкес құрмет көрсету – əрбіріміздің азаматтық борышымыз.
Әр адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен алақандарын сезінеді. Мұның бәрін медицина қызметкерлері ғана бере алады. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үмітіміз жалғанып, балтырымыздың сыздағаны басылады.
Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, ақ халатты періштедей көз алдында көлбеңдей жүріп, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты абзал жандар. Мансаптың да, қызметтiң де, атақтың да, байлықтың да дәрiгер үшiн құны көктиын. Дәрiгерге ең қажетi – адамның денсаулығы, оның тағдыры. Науқас адам жанына дәру iздеп, дәрiгерге барары хақ. Үмiтке үмiт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын да осы ақ халатты абзал жандар. Операция үстелі – өмір мен өлімнің арпалысқан мекені. Осы жерде дәрігерлер адам өміріне тіршілік нәрін беремін деп жанталасып жатады.
Солардың шипалы қолдарының арқасында өмірден күдерін үзген науқас адамдар аман-есен жарық дүниеге қайта оралады. Осы орайда, Шу аудандық ауруханасының жоғары дәрежелі хирург дәрігері және эндоскопия маманы Қаңлыбеков Ербол Атабекұлы жөнінде айтқымыз келеді.
2002 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясын тәмамдаған жас маман, алғашқы жұмысын облыстық туберкулезге қарсы диспанцерде хирург қызметінен бастаған. Ал, 2005 жылдан бастап Шу аудандық орталық ауруханасында хирург мамандығы бойынша қазіргі уақытқа дейін жұмысын жалғастыруда.
2015 жылы Алматы қаласында білімін ұштаған Ербол Атабекұлы эндоскопия мамандығы бойынша қосымша қызмет атқаруда. Жаңа технологияны пайдалана білген білімді дәрігердің айтуынша, 2022 жылдан лазерлік жолмен де ота жасауды жақсы меңгеріп, халқына мүлтіксіз қызмет атқаруда.
Жалпы жұмыс өтілі 23 жылдан асқан білікті маман осы салада 20 жыл хирург дәрігері ретінде халыққа қызмет етіп келеді. Жоғарғы білімді маман жары Қаңлыбекова Роза Құдайбергенқызымен 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған парасатты отбасы иесі. Әке жолымен өскен үлкен қызы Сызғанов атындағы институттың І-курсын тәмамдап отыр.
Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы. Сондықтан барлық медицина қызметкерлеріне бақыт, еңбекте табыс, төзімділік пен күш қайрат және отбасыларына береке тілейміз! Осындай бақытты жандардың атынан барлық медицина қызметкерлеріне ризашылығымызды білдіріп, еңбектеріне сәттілік тілейміз!
Аяжан Жұмахан,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті.
Суретте: Шу ауданы ауруханасының
жоғары дәрежелі хирург дәрігері,
эндоскопия маманы
Қаңлыбеков Ербол Атабекұлы.