Дәрігер деген дегдар жан
Медицина қызметкерлерінің күнінде адам саулығының сақшысы, ақ желеңді абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленіп жатады. Біз де басылымның осы санында денсаулық сақтау ісіне өз үлесін қосып жүрген жан туралы толғануды жөн деп таптық.
Алысқа бармай-ақ, өңіріміздің өзінде мұндай мамандар жетерлік. Сондай жанның бірі – Күлдерай Ағыбаева.
Күлдерай Жанарқұлқызы 1962 жылы 18 ақпанда Шу ауданында дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан кейін мерейлі мамандықты таңдаған жас Алматының мемлекеттік медициналық институтына оқуға түседі. Бұл 1980-1988 жылдардың аралығы болатын. Кейіпкеріміз бүгінде зейнеткер болса да, Шоқпар дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелі дәрігері қызметін атқарып жүр. Ардагер дәрігердің жалпы еңбек өтілі 45 жылды құрайды. Оның 34 жылы осы салаға арналған.
Тағы бір айта кетерлігі, ақ желеңді абзал жан 1990-1999 жылдары Шоқпар ауылының педиатр дәрігері болып еңбек жолын бастағаннан бері осы күнге дейін табан аудармастан туған ауылында тер төгіп келеді.
Ұжымда зор абыройға кенелген Күлдерай Ағыбаева өзінің білгенін жастарға айтудан жалыққан емес. Себебі өзінің бай тәжірибесінде ардагер жерлестерінің алғысын аз алмаған. Бұл сөзімізді Шу аудандық орталық ауруханасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айдын Чимкентбаева да растап отыр.
– Еңбек етудің үлгісін көрсете білген Күлдерай Жанарқұлқызы . кәсіпқойлық деңгейінің арқасында Шу ауданында денсаулық сақтау ісінің дамуына үлесін қосты. Ол еңбек жолын бастаған алғашқы сәттерден бастап-ақ өзін тек жауапкершілігі жоғары, ұқыпты, ынталы дәрігер ретінде танытып келеді. Соның арқасында әріптестері арасында зор абыройға ие болды,-дейді Айдын Сайранбайқызы.
Жалпы дәрігерлік практика мамандығы бойынша жоғары санатты дәрігердің біліктілігі мен биік белесін алған марапаттары да айғақтайды. Мәселен, кейіпкеріміз 2009, 2012, 2018 жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде денсаулық сақтау саласын жетілдіруге қосқан үлесі үшін Шу ауданы әкімінің Құрмет грамоталарына, 2020 жылы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Шоқпар ауылдық округі әкімінің Алғыс хатына, 2021 жылы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ 2022 жылы Шу ауданы әкімінің «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне тағып, мәртебесі биіктеді.
Туған жеріне, халқына қалтқысыз қызмет етіп жүрген дәрігер жұрттың жылы ықыласынан артық марапат жоқ деп санайды. Сондай-ақ жастарды медицина мамандығын таңдауға, халық денсаулығын сақтауды дамытуға шақырады. Себебі, медицина – мамандық атаулының төресі.
Есімі елге мәлім дәрігерлер ауданымызда аз емес. Олардың ақадал еңбектері жұртшылық жадында. Сондықтан болар олардың есімдері зор құрметпен аталып, алғыс телінеді. Біз басылым атынан мереке иелерін шын жүректен құттықтаймыз! Халықтан алар ақ баталары көп болғай деп тілек білдіреміз!
Байжан Емберді.