Шулық жастар тазалық акциясына қатысты
Қоршаған ортаның ластануы қоғам назарын өзіне аударып қана қоймай, жаһан жұртшылығының басты уайымына айналып отыр. Оған бірден-бір себеп адамдардың табиғатқа немқұрайды қарап, оңды-солды қоқыс тастауы екені белгілі. Әсіресе, күре жолдың бойында пластикалық құты, целлофан, баланың жөргектері мен өзге де қалдықтар жататыны жанымызға батады.
Десе де, қоқыспен күресіп, дабыл қағып жүрген жандардың арамыздан табылып жүргені жанымызға қуат болмақ. Сондай шаралардың бірі – «Amanat» партиясы мен партияның «Жастар рухы» жастар қанаты қолға алған «Таза Қазақстан» Road-эстафетасы. Мыңдаған еріктіні ізгі іске ұйыстырған экологиялық акцияда республикалық мәндегі «Астана-Алматы» күре жолының қос қапталы қоқыстан тазартылды. Аталмыш эстафета Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы қаласының аумағынан өтіп, 6 аудандағы ахуалды жақсартты.
Сауапты бастамаға Шу ауданының жастары да өз үлестерін қосып, көршілес Мойынқұм ауданының Бурылбайтал мен Ақсүйек ауылдары аралығындағы аумақты жүріп өтті. Сондай-ақ аталған шарадан партияның Шу аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков пен оның мәслихаттағы әріптестері Ғани Қойбағаров пен Мақсат Шәймерден де табылды.
Күннің аптабына қарамастан қоқысқа қарсы күрескен жастардың ұзын-ырғасы 30-дан асқанын өңірдің Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Нұрзат Қилыбай мәлімдеп отыр. Ол сонымен қатар адамдардың қоршаған ортаға деген қастандығына өз ренішін білдірді.
-Бүгін партиямыздың және жастар қанатының тазалық шарасы өтті. Бұл шарадан шулық жастар да шет қалмай, белсене қатысуда. Жол бойындағы қалдықтардың көптігі соншалық 1 КамАЗ жүк көлігі лезде толып қалды. Отандастарымыздың бұл амалы өте ұятты. Барша қазақстандықтарды табиғатты аялауға шақырамын,-деді Н.Қилыбай.
Расында, экологиялық мәселе күннен күнге өзекті болуда. Оны Мемлекет басшысы да алқалы жиында алға тартып, тиісті тапсырма беруде. Өткен айда ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өзінің тиімділігін көрсетті. Себебі қала мен дала қоқыстан тазарып, ретке келіп қалды. Сондықтан ізгі іс жалғасын тауып, өңірдегі жолдардың маңайы мұнтаздай болса дейміз.
Әйгерім ТҰРАРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің студенті.