Ақпараттық портал

Кәсіпорын қамқорлығы. «Қазақмыс» корпорациясы шоқпарлық тұрғындарға тарту жасады

Өткен аптада аудан орталығынан шалғайда орналасқан Шоқпар ауылдық округінде жасанды жабыны бар футбол алаңшасы, су жаңа стрит-воркаут пен бүлдіршіндерге арналған заманауи ойын алаңшасы ашылып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілді. Салтанатты рәсімге аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысандардың ашылуымен құттықтады. Ауылдың ажарын ашып, жастарға ерекше қуаныш сыйлаған спорт және ойын алаңдары тікелей «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен соғылғанын да айта кеткеніміз жөн.

Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары ауданымыз аграрлы аймақтан өндірісті өңірге айналып барады. Неге десеңіз, ауыл-аймақта жаңа кәсіпорындар ашылып, жер қойнауындағы табиғи байлықты кәдеге жарата бастады. Дәл осындай кәсіпорындардың бірегейі ретінде «Қазақмыс» корпорациясына қарасты өндіріс ошақтарын айтуға болады. Алайда, аталмыш кәсіпорын басшылығы біздің өңірде жұмыс істегенімен, салықты өзге өңірге төлеп келгенін жергілікті жұртшылық жақсы біледі. Мәселен, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты бір ғана «Шатыркөл» кен орны сынды алып кәсіпорын өңірдің табиғи байлығын игеріп, көл-көсір табысқа кенелгенімен салықты көрші өңірлердің қазынасына құйып келді. Осы бір оғаштау мәселеге тереңірек үңілсек, оның кәсіпорын орналасқан елді мекен тұрғындары үшін маңызы зор екенін аңғаруға болады. Өйткені аталмыш мәселенің томардай түйіні тарқатылып, табыстан келетін салық сол ауданға түсетін болса, ауылдағы көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне септігін тигізер еді.
Осыны ескерген аудан басшылығы өткен жылдан бастап аталған кәсіпорын басшылығымен түрлі деңгейдегі келіссөздер жүргізіп, салықты ауданға төлеу мен кәсіпорынның жергілікті елді мекен тұрғындары алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін тиісті деңгейде атқару бойынша да бірқатар жұмыстарды атқарды. Екеуара меморандум жасалып, нақты міндеттер айқындалды. Нәтижесінде, әлеуметтік жауапкершілік аясында жер қойнауын пайдаланушы ретінде «Қазақмыс» корпорациясы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға өз үлестерін қоса бастады. Әрине, екі жақ та меморандумда көрсетілген «шекарадан» шықпаса, қағазға басылған міндеттерін мүлтіксіз орындаса, жұмыс өз ырғағымен алға баса беретіні сөзсіз. Шынын айту керек, соңғы ширек ғасырда атқарылмаған жұмыстар өткен жылдан бастап ерекше қарқын ала бастады. «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы былтырғы жылы бес бірдей ауылдың тұрғындарына қайырымдылық жасап, 200-ден аса ұсақ малды мұқтаж отбасыларға таратып берді. Одан бөлек, Д.Қонаев ауылына зәулім спорт нысанын салып, дәл осы елді мекендегі ауыз суға қатысты мәселенің шешілуіне атсалысты. Енді міне, Шоқпар ауылдық округіне үш бірдей заманауи алаңшаларды соғып, пайдалануға беріп отыр. Корпорацияның демеушілігімен дәл осындай алаңшалар тағы да бірқатар ауылдық округтерде салынып жатқанын айта кеткен жөн. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылы да жалғасын таппақ.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.