Ақпараттық портал

Қос сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Қоғамдағы әрбір мамандықтың маңызы зор екені анық. Соның ішінде мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлерінің рөлі ерекше. Себебі халықпен тікелей жұмыс істейтін қос саланың мамандарына ауқымды міндеттер жүктелген. Бірі тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, тіршілікке қолайлы жағдай жасаса, келесісі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету
жолында еңбек етіп жүр.

Елімізде 23 маусым күні мемлекеттік қызметшілер мен тәртіп сақшылары төл мерекелерін атап өтетінін бұқара жақсы біледі. Осы күні құрмет құшағына бөленіп, көзге көріне бермейтін жұмыстарына алғыс айтылатыны ақиқат. Жыл сайын қатар келетін қос кәсіби мерекеге орай аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің төрағалығымен салтанатты жиын өтіп, ұжымдастары үздік деп ұсынған сала қызметкерлері марапатталған болатын.
Өңірдің мемлекеттік қызметшілері мен полицейлерін құттықтаған аудан басшысы мерекенің маңызына тоқталып, олардың жемісті жұмыстарын атап өтті.
-Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен кәсіби мемлекеттік аппарат құру, халыққа кедергісіз қызмет ұсыну, мұң – мұқтажына құлақ асу жұмыстары жүзеге асып жатқаны белгілі. Бұл өз кезегінде халықтың бізге деген сенімін қалыптастырып, халық үніне құлақ асатын мемлекет моделін орнатуға мүмкіндік бермек. Осы орайда әріптестеріміз де білімі мен білігін саланың дамуына жұмсап жүр.
Бүгінгі күні Шу ауданы әкімдігінде 200-ге жуық мемлекеттік қызметші, мұраты бір, бағыты бөлек салаларда 100-ден аса әріптес жемісті қызмет етіп жүр. Олар азаматтарға мемлекеттік көрсетілетін қызметтер түрін ұсынып, қажетіне жарап келеді. Сондай-ақ меритократия қағидаты бойынша мемлекеттік қызметшілер сатылай өсіп, жаңа ереже бойынша конкурссыз жұмысқа орналасу ісі жүзеге асырылды.
Одан бөлек, полиция қызметкерлері де қоғамдық тәртіпті қадағалап, қылмыстың алдын алу, ашу, профилактикалық шаралар жүргізуде қырағылық танытып жүргенін айта кеткен жөн. Жеңіл жұмыстың қатарына жатпайтын бұл салада тәртіп сақшыларының сіңіріп жүрген еңбектері зор.
Шулық полиция қызметкерлері жыл басынан бері 117 қылмыс тіркеген. Қуанышқа орай, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 19 пайызға төмен. Қылмыстың ашылу көрсеткіші де 75 пайызға жеткені бізді қуантады. Ең бастысы, жұмыс қарқыны бәсеңдемей, азаматтардың құқықтары мейлінше қорғалуы қажет,-деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің құттықтауында.
Әр мерекелік мезірет марапаттау рәсімінсіз өтпейтіні белгілі. Кәсіби мереке қарсаңында бірқатар азамат аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына, аудандық мәслихат тарапынан ауданның Құрмет грамотасына ие болып, “Amanat” партиясы аудандық филиалының Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиын өз мәресіне жетіп, марапат алған жандар әріптестерінен құттықтаулар қабылдап, естелік суретке түсті.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.