Ақпараттық портал

«Әдеп бұзған әріптес жоқ»

Елімізде және әлемде мемлекеттік қызметшілер 23 маусым күні төл мерекелерін атап өтеді. Себебі 2002 жылдың 20 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 57 сессиясы дәл осы күнді мемлекеттік қызмет күні деп жариялау туралы резолюция қабылдап, мүше мемлекеттерді осы күнді тойлауға шақырды. Араға 11 жыл салып, Тұңғыш Президент Жарлығымен Қазақстанда аталмыш кәсіби мереке бекітілді. Осылайша, 90 мыңнан астам еліміздегі мемлекеттік қызметші кәсіби мереке қарсаңында құрметке бөленіп келеді. Олардың ішінде шулықтар да бар.
Мереке қарсаңында біз Шу ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Нариман Абаймен сұхбат құрған болатынбыз.

-Нариман Жетпісбайұлы, сізді ең алдымен мерекеңізбен құттықтаймыз! Бізді әкімдік құрылымымен таныстырып өтсеңіз?
-Рақмет, Шу ауданы әкімдігінің құрылымына аудан әкімі аппараты, 12 бөлім және Шу қаласы мен 18 ауылдық округ әкімі аппараттары кіреді.
Аталған мекемелердегі мемлекеттік қызметшілердің жалпы саны 199 бірлікті құрайды. Қазіргі уақытта 3 бос орын бар. Аудан әкімінің аппаратында 23, әкімдіктің бөлімдерінде 50, Шу қаласы, ауылдық округтерінде 126 мемлекеттік қызметші бар.
Тұрақты түрде жұмыс істейтін 196 азаматтың сапалық құрамына тоқталсақ, 116 ер (60 пайыз), 79 әйел (40 пайыз). 185 мемлекеттік қызметшінің білімі жоғары болса, 11-нің білімі орта.
Жас мөлшері бойынша мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 39-ды құрап отыр. 196 мемлекеттік қызметшінің 191-і қазақ, 5-і өзге ұлт өкілдері (3-і әзірбайжан, 1-і қарашай, 1-і неміс ұлты)
-Өткен жылдан бастап мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу тәртібіне өзгерістер енгізілгені белгілі, осы бағытта өңірімізде қандай жұмыстар атқарылды? Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке орналасу талаптары қандай?
-Бүгінде әрбір арнайы орта және жоғары білімі бар жас мамандарға мемлекеттік қызметке келу үшін жеңілдік жасалған. Мемлекеттік қызметшілер саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер болып бөлінетінін жақсы білесіздер.
Саяси мемлекеттік қызметшілер сайлану немесе тағайындалу арқылы, әкімшілік мемлекеттік қызметшілер негізінен конкурстық рәсімдер аясында жұмысқа қабылданады. Яғни, мемлекеттік мекемеде бос орын пайда болған жағдайда, мекеменің персоналды басқару бөлімі бос орынға азаматтарды қабылдау жөнінде хабарлама дайындап, мемлекеттік органның ресми сайтына орналастырады. Хабарламада көрсетілген біліктілік талаптарына сәйкес келетін кәмелеттік жасқа толған республика азаматтары құжатын өткізіп, конкурстық іріктеуге қатыса алады. Конкурстық іріктеудің нәтижесіне сәйкес әңгімелесуден ең жоғары ұпай жинаған үміткер жеңімпаз болады.
Биыл Шу ауданы әкімдігіне қарасты мекемелердегі 34 бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурс жарияланды.
Сонымен қатар, өткен жылы Президенттің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қызметке кіру тәртібін жеңілдету мақсатында бірқатар ережелер өзгертілген болатын. ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын және жоғарғы оқу орнын немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру орындарын мемлекеттік тапсырыс аясында жақсы көрсеткішпен бітірген түлектерді мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдау ережесі бекітілді. Бұл бағытта Шу ауданында 3 түлек мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасты.
-Сіз Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде де қызмет атқарып жүрсіз. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?
-Әдеп жөніндегі уәкіл қызметін қоса атқарғандықтан, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларында Қазақстан Республикасы заңнамаларын және Әдеп кодексі талаптарын сақтау мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру шараларын, мемлекеттік қызметшілерге консультациялық көмектер тұрақты көрсетіп отырамын. Жалпы, осы бағытта 30-ға жуық іс-шара өткізілді.
Мемлекеттік қызметшілер арасындағы қарым-қатынас мәдениетінің деңгейін бағалау және оны жақсартуды анықтау үшін мемлекеттік қызметшілерден анонимді сауалнама алынды. Жалпы, нәтиже жақсы, ауданның мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп мәселесі жолға қойылған деп айтуға болады. Соңғы екі жылда әдеп нормаларын бұзған мемлекеттік қызметшілер болған жоқ.
-Аудандағы мемлекеттік қызметшілердің орындаушылық тәртіп мәселесі қандай деңгейде?
-Аппаратпен тоқсан сайын аудан әкімінің, облыс әкімінің және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың тапсырмаларының орындалу барысына талдау жұмыстары жүргізіліп отырады.
Былтырдың өзінде Қазақстан Республикасының заңнама нормаларын бұзу және өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді тиісті деңгейде орындамау деректері бойынша 70 (35,1 пайыз) мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылды. Оның 64-і ескерту, 2-і сөгіс, 1-і қатаң сөгіс, 3-і қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту. Ағымдағы жылдың 5 айында 20 (10,5 пайыз) тәртіптік жаза қолданылды.
-Мемлекеттік қызметшілер үшін қандай көтермелеу шаралары қарастырылған?
-Мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу шаралары «ҚР мемлекеттік қызмет туралы» Заңында айқындалған. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер жыл сайынғы кезекті еңбек демалысына шыққан уақытында оларға екі айлық жалақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Сондай-ақ әріптестердің мемлекеттік мерекелер аясында немесе белгілі бір жетістіктерге жетуіне байланысты бюджеттің үнемделген қаражаты есебінен сыйлықақы алу мүмкіндігі қаралған. Одан бөлек, жақын туысы қайтыс болған жағдайда, емделу немесе тұрғын үй салу және басқа да отбасылық жағдайларына байланысты бюджет есебінен материалдық көмек алуға құқығы бар.
Бұдан бөлек, сіңірген еңбегі мен жеткен жетістігіне сәйкес мемлекеттік қызметшілерді ауыстыру тәртібімен жоғары лауазымдарға тағайындау қарастырылған. Бұл мемлекеттік қызмет жүйесінде «меритократия қағидаты» деп аталады. Меритократия қағидатын нығайту мақсатында өткен жылы 11, осы жылы 3 маман жоғары лауазымдарға тағайындалды.
Сонымен қатар, ауылдық округ әкімі аппараттарына жұмыс жасауға келген жас мамандар «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына қатыса алады. Бүгінгі таңда елді мекендерге жұмыс істеуге келген 12 жас мемлекеттік қызметші тұрғын үймен қамтылып,17 маман бір реттік қайтарымсыз жәрдемақыға ие болды.
Мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын ұстануды қалыптастыру бағытында аудандағы 37 спорт нысанында спортпен айналысуға мүмкіндік қарастырылған. Әріптестеріміз қазірдің өзінде мүмкіндікті мүлт жібермей, жұмыстан тыс уақытта жаттығу жасап, жолдастық кездесулер өткізіп жүр.
Сонымен қатар, үзеңгілестерге кәсіподақ атынан санаториялық мекемелерге 50 пайызға дейінгі жеңілдікпен жолдама беріліп, тарихи мәдени орындарға саяхаттар ұйымдастырылып тұрады.
-Мемлекеттік қызметшінің ең басты міндеті қандай? Мемлекеттік қызметшінің үздік үлгісі қандай болуы тиіс?
-Біздің саладағы қызметкерлердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы басшылыққа алғаны абзал. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда әділ болулары қажет. Олар әрдайым елдің мүддесін бірінші орынға қойып, жедел әрі жөн шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы мемлекеттік қызметке тікелей байланысты. Өйткені, мемлекеттік қызметші қай кезде де мемлекеттік аппараттың биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
-Мемлекеттік қызметші болуды мұрат еткен жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
-Мемлекеттік қызметші боламын деген жастарға айтар кеңесім, барлық нәрсе тәрбиеден бастау алады. Алдымен, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі тиіс. Ешқашан ашуға бой алдырмай, теріс қасиеттерді бойға дарытпай, білімін шыңдап, өзі сүйген мамандыққа батыл бет бұрып, қоғамға да, өзіне де пайдасы тиер жақсы маман иесі болу үшін жұмыс жасау қажет.
Халықтың әл-ауқатының артуында, қоғамдағы өзекті мәселелердің жақсы жағынан шешілуінде мемлекеттік қызметшілердің маңызы ерекше. Сондықтан, мемлекеттік қызметке барамын деген әрбір жас осы жауапкершілікті сезінгені шарт.
-Аталмыш салада жастар қандай тұлғалардан үлгі-өнеге алуы қажет?
-Мемлекеттік қызмет саласында жастарға үлгі боларлық тұлғалар өте көп. Дегенмен, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлын атап өтпеуге болмайды. Ұзақ жылдар мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, өзге жұртпен өзара байланысты, ынтымақтастықты дұрыс жолға қойып, аянбай, елі үшін ерен еңбек етіп жүрген дипломат, бірнеше тіл меңгерген Мемлекет басшысының еңбек жолы мемлекеттік қызметші боламын дейтін жастарға үлгі деп санаймын.
Әрине, өскелең ұрпақтың мемлекетшіл, адал азамат болып қалыптасуына аға буынның ықпалы зор.
-Мереке қарсаңында әріптестеріңізге құттықтауыңыз бар шығар?
-Ауданымыздың әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан алға басуы да көп жағдайда мемлекеттік қызметшілердің жұмысына байланысты.
Әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтай отыра, ел игілігі жолындағы қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық, береке-бірлік, елімізге тыныштық тілеймін!
-Сүбелі сұхбатыңыз үшін алғыс білдіремін!

Сұхбаттасқан Меруерт Тоқмолдаева,
Шу аудандық ақпараттық-медиа орталығының директоры.

Leave A Reply

Your email address will not be published.