Ақ халаттылар ардақталды
Егемендік алған 33 жылдың ішінде еліміздің медицина саласы аяқтан тұрып қана қоймай, қарыштап даму кезеңінен өтті. Мемлекет тарапынан медицина саласын қолдау үшін түрлі бағдарламалар қолға алынып, соның арқасында қаншама жетістіктерге жеттік.
Ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауында ұлт саулығына басымдық берілгенінен-ақ, мемлекеттің басты байлығы – адам делінген заңның үстемдігіне көз жеткізе түсетіндейсіз. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауындағы “Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды” деген сөздері дәлел бола алады. “Көш жүре түзеледі” демекші, кеткен кемшіліктер мен орын алған олқылықтар заман ағымына сай реттеліп, медицина саласы жыл өткен сайын жаңарып, жанданып келеді.
Дәлірек айтсақ, осынау әлеуметтік маңызы зор саланың дамуы, ел әлеуетінің артуына тікелей септігін тигізетін тетік саналады. Сондықтан ақ халатты абзал жандарды әрқашан абырой биігіне көтеріп, қоғам алдындағы ерен еңбектерін елеп-ескеріп, құрметке бөлесек, артық емес. Соның жарқын дәлелі, елімізде жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі өтеді.
Мерейлі мереке қарсаңында ақ халатты абзал жандар ардақталып, мәдениет үйі өнерпаздарының концертін тамашалап, бір серпіліп қалды. Сондай-ақ, «Еңбек ардагері» медалімен, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің, Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатымен, «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі», «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Шу ауданының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Сөз соңында қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші рет өмір сыйлап жататын барша дәрігерлерімізді мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!
Айғаным Асқарбек.