Ақпараттық портал

Екіжақты меморандумға қол қойылды

Облыстық аумақтық сайлау
комиссиясының ұйымдастыруымен Тараз қаласында «Медиакоммуникациялық алаңның сайлау процесін даярлау мен өткізу барысындағы рөлі» тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өтті. Аталған іс-шараның алдында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Тараз қаласының «Жеңіс» саябағында орналасқан Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Жоғарыда аталған кездесу шарасы одан әрі «Даңқ» залында жалғасты. Әуелі келген қонақтар мен БАҚ өкілдері залды аралап көріп, Отан үшін от кешкен батырлар ерлігінен хабардар болды. Кездесуге өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары, ардагер журналистер және Түркістан мен Қызылорда облысынан, Шымкент қаласынан келген облыстық сайлау комиссияларының өкілдері қатысты. Жиынды облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, ең алдымен БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол өз сөзінде елдегі сайлау процестерінде журналистердің атқаратын қызметін жоғары бағалады.
– Сайлау – мемлекет өміріндегі ең маңызды саяси науқан. Халықтың билік тағдырын шешіп, таңдау жасайтын сәт. Бұл ретте журналистердің атқарып жүрген еңбегі зор. Десе де, әлі де аймақта халықтың саяси белсенділігі төмен. Сол себепті, бұқаралық ақпарат құралдары мен өңірдің медиа кеңістігінде үгіт-насихат жұмыстарын күшейту маңызды. Күні кеше «Масс-медиа туралы» заң қабылданды. Мен сіздерді заң аясында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Баршаңызды алда келе жатқан төл мерекелеріңізбен құттықтаймын. Баршаңызға бақыт, жақсылық тілеймін, – деді Серғали Өмірзақұлы.
Жиында сөз сөйлеген «Aulieata-media» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлы өзі басқаратын медиадағы облыстық «Aq jol», «Знамя труда», «Арай жастар» газеті мен «Jambylinfo.kz» сайты және «Контент» орталығы елдегі саяси науқанға белсене араласатынын және оның әрқайсысы жедел әрі шынайы ақпарат тарататынын тілге тиек етті. Өңіріміздегі түрлі сайлау кезінде де аталған құрылымдар алғы шепте жүретінін айтып, алдағы уақытта жаңашыл істердің жарқырап көріне беретінін баяндады. Жиында Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев, Шымкент қалалық аумақтық комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов, Қызылорда облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Аңсар Өсербаев өз аймақтарында жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы айтып, тәжірибелерін ортаға салды.
Мұнан соң облыстың Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев мұндай жиынның көпшілікке берер әсері зор екеніне тоқталса, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт былтырғы жылы өткен ҚР Мәжіліс және мәслихаттарының сайлауы кезінде орын алған кейбір келеңсіз жағдайларға тоқталды. «Сайлауға 7 саяси партия түсті. Соның ішінде бір саяси партия өздерін жарнамалау үшін қаражат төлесе, қалған алтауы төлемеді. Бірақ, барлығын бірдей көлемде шығардық. Тек ақша төлеген партияны ғана шығарсақ, басқа партиялар үшін заңсыз болатын болды», –деп, осындай мәселе реттелсе екен деген ойын жеткізді. Сонымен қатар, белгілі журналист Бекет Момынқұл да былтырғы өткен сайлауда кейбір округтерде орын алған келеңсіздіктерді көзімен көргенін, қабырғасына батқанын айтса, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы Мәжіліс депутаттығына Жамбыл өңірінен шығармашылық және өнер адамдары ұсынылса деген ойын білдірді. Мұнан кейін Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы мен «Aulieata-media» ЖШС және қалалық, аудандық аумақтық сайлау комиссиялары жергілікті басылымдардың редакторларымен екіжақты меморандумға қол қойды.

Ерғали Қартайған.

Суреттерді түсірген
Алтынбек ҚАРТАБАЙ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.