Ақпараттық портал

“Алтын белгі” иегерлерін марапаттады

Елдің өркендеуі, мемлекеттің алға жылжуы мен дамудың даңғыл жолына түсуі, ең алдымен, білім мен ғылымға көңіл бөлу арқылы жүзеге аспақ. Соңғы жылдары білім саласына айтарлықтай қолдау көрсетіліп, қомақты инвестиция тартылуда. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – бұл аса маңызды мемлекеттік міндет. Еліміздің болашағы дарынды, отаншыл жастардың қолында болуы керек. Солай боларына кәміл сенемін. Осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін жүйелі реформаларды міндетті түрде жалғастырамыз” деген сөзі дәлел. Міне, соған сай білімге талпынған жас өрендерді арқасынан қағып, алға қарай қанаттануына жол ашу да мемлекет үшін маңызды міндет саналады.

Осыған орай, аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандағы білім беру ордаларын «Алтын белгімен» бітіруші түлектермен салтанатты кездесу болып өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов, мектеп директорлары, аяулы ұстаздар, “Алтын белгі” иегерлері және олардың ата-аналары қатысты.
Салтанатты жиында ең бірінші сөз алған аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың құттықтауын жеткізді:
-Егемен еліміздің айбынын асқақтатар, үкілі үмітін ақтар жалынды жастардың қатары көбейе берсін. Күннен-күнге көркейіп келе жатқан еліміз сияқты сендер де кең байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінде, алыс-жақын шет елдерде еліміздің атын жақсы әрі баянды істеріңмен, терең білімдеріңмен шығара беріңдер. Құрметті түлектер, жарқын болашақтың кілті сіздердің қолдарыңызда,-делінген құттықтауда.
Биылғы 2023-2024 оқу жылында 1017 түлек мектепті тәмамдаса, оның 34-і “Алтын белгі” иегері, 61-і үздік аттестатқа үміткер. Бұл ауданның абыройын асқақтатар жоғары көрсеткіш. Білім ұясына тарыдай болып кіріп, таудай болып шығуға талпынған, 11 жыл бойы аянбай білім берген ұстаздарының үмітін ақтауға барын салған түлектеріміздің үлкен өмірге қанат қаққалы тұрғандағы нәтижесі көз қуантады. Ал, сол түлектерімізге ақ жол тілеп, үлкен өмірге қанаттандырып, шабыттандырып жіберудің де мәні зор.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы “Алтын белгі” иегерлеріне ақшалай сертификат пен бағалы сыйлықтарды табыстады. Өз кезегінде жас түлектер де алдыңғы толқын ел ағаларына, ұстаздар қауымына алғысын білдірді. Сондай-ақ, тарихи сәтте естелікке суретке түсіп, бірін-бірі құттықтасып жатты.
Ұстаздар қауымы алдына мемлекетіміз жай білім беру ғана емес, сонымен қатар өркениет көшінің сүбелі тұсынан орын алып, жол бастауға қабілетті әрі ұлттық рухта сусындаған білімді, дарынды азаматтар тәрбиелеп шығару міндетін қойып отыр. Шу ауданының білім бөлімі алдағы уақытта да білім көшін алға сүйреп, “Алтын белгі” иегерлерін лек-легімен шығарып, тарихта абыройлы аты қалсын!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.