Ақ егіске орақ түсті
Бұл күндері диқаншылардың егін орағын екпінді жүргізуіне қолайлы сәт туындап, шаруалар өз жұмыстарын қарқынды жүргізуді бастап кетті.
Осы орайда аудан көлемінде 139,451 гектар ауылшаруашылық мақсатындағы егістік жер болса, оның ішінде 28 261 гектар суармалы жер, 111, 190 гектар тәлімді егістік жерлер бар. Ағымдағы жылы 74 145 гектар жерге ауылшарушылық дақылдары орналастырылып және 30 100 гектар жерге сүр (пар) айдалынған болатын. Егістік жерлерді пайдалану 75 пайызға жеткізілген. Аудан көлемінде шаруа қожалықтары бірігіп ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрып, еселі еңбектерінің жемісін де көріп отыр.Соның бірі, «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған “Жаңа жол” ауылдық округінде кооперативтерді жабдықтау және құру бойынша «Шу-2021» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі. Қазіргі уақытта 4 шаруа қожалығынан құралған кооперативте 20 жұмысшы жұмыс жасаса, науқан кезінде 50 ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылатын көрінеді. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы атаулы АШӨК-і 100 млн теңге қаражатқа ауылшаруашылық техникаларын да алып қойған. Бұл ауыл шаруашылығы кооперативі тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану үшін 300 гектар жерді иеленсе, 200 гектар жерді жалға алып тіршіліктерін бастап кеткен болатын.
-Осы айтулы мақсатта мемлекеттің қолдауымен 2,5 пайызбен жаздық арпа “Арна” супер элита тұқымының бір келісін 170 теңгеден бағалап, 8,5 млн теңгеге алып сепкен. Ал осы ауылдық округінің «Шу-2021» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі алғашқылардың бірі болып орақ науқанына кірісіп, шабындыққа шалғы салды. Ораққа қатысқан заманауи комбайнды тәжірибелі комбайншылар тізгіндеп, жұмысқа білек сыбана кіріскен. Шаруалар егіншіліктің түпкі нәтижесін көрсетеді десек те болады. Ең бастысы, ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланған шаруалар бүгінгі егіннің орташа түсімі 25-30 центнерден айналып отыр, – дейді кооператив жетекшісі Жапарқұл Тәңірбергенұлы. Өткен жылдармен салыстырғанда биылғы масақты дәнді дақылдардың шығымы көңіл қуантады.
Аяжан Жұмахан,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті.
Суреттерді түсірген автор.