Ашық есік күні – мол ақпарат көзі
Өткен аптада елімізде Халықаралық нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күні аталып өтті. Атаулы күннің тарихына үңілсек бұл датаны БҰҰ Бас ассамблеясы 1987 жылдың 7 желтоқсанында енгізген. Нақты айтқанда сол жылы «Нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі халықаралық конференцияның» нұсқауымен 26 маусым болып бекітілген.
Аталмыш мәселе жалғыз біздің ғана емес, әлемдегі алпауыт елдердің күйіп тұрған мәселесі. Себебі нашақорлықтың қаупі денсаулықтан бөлек, тұтас елдің экономикасына, демографиялық дамуына едәуір шідер салып, әлеуметтік және саяси ортаны криминализациялау үдерісіне ұшыратады.
Бүгінде бірнеше түрі қолданысқа төте жолмен еніп, талайлардың болашағына балта шауып отырған бұл дертпен біздің еліміз ерекше күресіп келеді. Соған қарамастан бұған тәуелді әрі пайда тауып отырған жандардың қатары сиремей отыр. Алайда, есірткіге қарсы іс-қимылды тоқтатуға әсте болмайды. Әсіресе, жасөспірімдермен жұмыс үздіксіз жүргізілгені жөн.
Осыны ескерген Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” мекемесі мәнді шара ұйымдастырған болатын. Олар атаулы күнге орай аудан жастарын “Дельта-долина” ауданаралық есірткіге қарсы күрес бөліміне апарып, тәртіп сақшыларының жұмысымен таныстырды.
Жамбыл облысы полиция департаменті АЕҚҚІБ-нің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Темірлан Батырхан жастарды қарсы алып, оларға жұмыс құралдарын, қызметтік көліктерін көрсетті. Сонымен қатар ашық есік күніне келушілердің қызықтырған сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында жастарға есірткінің зияны туралы насихат жұмыстары жүргізілгенін атап өткен жөн.
Байжан Емберді.