Ақпараттық портал

Мәжіліс депутаты түйткілді мәселелермен танысты

Өткен аптаның соңында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова Шу ауданына арнайы сапармен келді. Халық қалаулысы ең алдымен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында теміржолшылар шаһарында салынып жатқан 80 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй құрылысымен танысты.

Шулық шенділер Гүлдара Алданышқызына «Жетісу» тұрғын алабындағы тіршілік туралы баяндап, жұмыс жоспарын жеткізді. Жауаптылардың айтуынша аталмыш құрылыстың жобалық-сметалық құны 1,9 млрд теңгені құрап отыр. Жұмысты жүргізуге құқық алған мердігер компания «SHEBER BUILD» ЖШС-не биыл облыстық бюджеттен 400 млн теңге бөлінген көрінеді. Өткен айдың басында басталған құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпанында аяқталуы керек болатын. Алайда, қаражаттық мәселелерге байланысты нысан өз мерзімінде берілмейтіні мәлім болды.
Мұнан кейін Мәжіліс депутаты партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп ғимаратына жапсарлас құрылысының барысын білу үшін іс басына барды. Мұнда да жұмыстар өз уақытынан 2 аптаға кеш жүріп жатқанын білген Г.Нұрымова шаруаны ширату қажеттігін айтып, мәселені өзіне түртіп алды. Білім ошағындағы құрылыс жұмыстары биыл мамырда басталып, келер жылдың қаңтарына дейін тәмамдалу керек болатын. Жобалық-сметалық құны 711 млн теңгені құрайтын жұмысты «ТемірСтройСервис» ЖШС мердігер компаниясы мойнына алған.
Гүлдара Алданышқызының біздің өңірге жасаған сапары Көкқайнар-Шу аралығындағы асфальт жолдың орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысуымен қорытындыланды. Жалпы ұзындығы 56 шақырым жолды жөндеу үшін жобалық құны 19,9 млрд теңге қаржы қарастырылған.
Бірақ халық қалаулысы «Теміржол құрылыс Атырау» ЖШС жүргізіп жатқан жұмыстарға көңілі толмады. Жоспарынан 2-3 айға кешіккен мердігер компанияның нысан басында бірде бір жұмысшылары жоқ болып шықты.
-Салғырттық салдарын қарапайым халық тартуда. Мәселен, жолдың бойы құм, шаң төбеге көтерілуде. Көкқайнар ауылының тұрғындары өз шағымдарын айтып жатыр. Сондай-ақ жолдың құрылысы аяқталмауына байланысты такси құны қымбаттап, ауыл тұрғындарына ыңғайсыздық келтіруде. Бұл мәселені өз назарыма алып, тиісті тұлғалардың қаперіне жеткізетін боламын,-дейді Г.Нұрымова.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.