Ақпараттық портал

Ауылдықтардың талап-тілегі тыңдалды

Бүгінгі күнге дейін аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков өңіріміздегі барлық ауылдық округтерді, шалғай елді мекендер мен стансаларды бірнеше мәрте аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Мұндағы мақсат – ауылдықтарды алаңдатқан түйткілді мәселелерді көзбен көріп, тұрғындардың өз аузынан есту екені анық. Сол арқылы алдағы жұмыс жоспары түзіліп, елді мекендегі іргелі істер бір жүйеге келтірілмек.
Ал, үстіміздегі аптада аудан басшысы мен аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков Төле би ауылы тұрғындарының мұң-мұқтажына құлақ түрді. Ең алдымен М.Мақатаев атындағы білім ошағында өткен басқосуда ақсақалдар жол мен ауыз суға, аялдамалар мен жарықтандыруға қатысты мәселелерді көтерді. Ауылдықтардың айтуынша, елді мекендегі аялдамалардың арасы тым ұзақ, соның салдарынан оқушылар жаяу жүруге мәжбүр болуда. Аудан әкімі аталған мәселелерді назарға алып, тиісті шешім қабылданатынын жеткізді.
Әрине, 20 мыңнан аса тұрғыны бар ауыл болғаннан кейін мұнда түрлі түйткілдің болатыны да заңдылық. Ал бұл мәселелердің түйіні қаншалықты қатты екенін жергілікті тұрғындардан артық ешкім білмейді. Сол себепті де билік өкілдері аудан орталығындағы екінші кездесуді М.Әуезов атындағы мектепте өткізді. Мұнда жиналған жұртшылық бірауыздан табиғи газ бен спорт және ойын алаңшаларына қатысты сауалдарын қойды. Оған қоса, өткен жылы аудан орталығында кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үй соғуға арналған жер телімдері берілген болатын. Кездесуде аталған жер телімдерінің инфрақұрылымына қатысты сауалдар да көтерілді. Аудан әкімі бұл мәселелер де жұмыс жоспарында бар екенін жеткізіп, ауыл әкіміне дәл осы жұмыстарды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Аудан әкімінің дәл осындай халықпен кездесулері алдағы уақытта өзге елді мекендерде де жалғасын таппақ.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.