Ақпараттық портал

Халық қалаулысы зиялы қауыммен кездесті

Ағымдағы аптаның басында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңіріміздің зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Аталған кездесуге аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен өңіріміздегі мәслихат депутаттары да қатысты. Бұл жиынның негізгі мақсаты – халық алдында Парламент Мәжілісінде ел игілігі жолында жасалған жұмыстардың есебі және елдегі азаматтардың жағдайын көзбен көру, жергілікті тұрғындардың негізгі мәселелерін анықтап, олардың заңнамалық тұрғыда жүзеге асуына қолдау білдіру, сонымен бірге ашық пікір алмасу болды.

Басқосуда аймақтың рухани-мәдени дамуымен қатар қоғамда орын алып жатқан өзекті тақырыптар қозғалды. Атап айтқанда, ұлттық идеологияның маңыздылығы, тіл төңірегіндегі түйткілдер, білім сапасын жақсарту, жастарды қолдау және тағы басқа мәселелер ортаға салынды. Өз кезегінде халық қалаулысы Парламент төрінде жайылым жерлер туралы, ұлттық идеология, мәдениет саласы, мемлекеттік тілдің мәртебесі және өзге де мәселелер бойынша қолға алынған жұмыстарды баяндап өтті. Иә, халық қалаулылары елдің ішінде болып жатқан түйінді мәселені жан-жақты зерттеп, тараптардың пікірлерін ортаға салып, билік басындағыларға жеткізеді. Осылайша, билік пен бұқараның арасын байланыстырады. Депутаттардың тікелей міндеті де тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, ел ішіндегі мәселені дер кезінде көтеруге құрылатындығын ескерсек, бүгінгі халық қалаулылары бұл үдеден шығып жүргенін анық аңғаруға болады. Бұл туралы депутат Қазыбек Исаның өзі де атап өтті.
–Ел болашағы мықты басшының, бірлігі бекем халықтың, жігерлі жастың, білімді ұрпақтың арқасында ғана жарқын болары сөзсіз. Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, өмір сапасы мен табысын арттыру мақсатында түрлі мәселелерді Парламент қабырғасында көтеріп жүрген депутаттардың да мойнына артылар жүктің ауыр екені анық. Өйткені, әрбір халық қалаулысының қолында мыңдаған қарапайым халықтың аманаты тұрады. Оны билікке жеткізу біздің тікелей міндетіміз. Сол себепті де біз қазір өңір-өңірлерді, шалғай ауыл-аймақты жеке дара аралап, халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп келеміз. Одан бөлек, Парламент қабырғасында өзіміздің тарапымыздан жүйелі түрде жоспарлар бекітіліп, әртүрлі бағыттарда жұмыстар атқарылуда. Азаматтық қоғам қалыптастыру негізінде халық қалаулылары жұртшылықпен етене араласып, елдегі күрмеулі мәселелерді шешуге тікелей ықпал жасап жатқаны партиямыздың басым бағыттарының бірі десем, қателеспеймін. Бүгінгі күнге дейін қолда бар қауқарды пайдалана отырып, бірқатар заңдарға өзгертулер енгізгенімізді де айта кету керек, – дейді Қазыбек Иса.
Зиялы қауым өкілдері ортақ ой айтып, пікір алмасқан басқосу барысында Шудағы шешімін таппаған шулы мәселелер де көтерілді. Одан бөлек, тұтас елімізге қатысты түйткілдер де айтылды. Мәселен, айтыскер ақын Базарбай Асқартегі бірнеше мәселені көтеріп, ұлттық мүддені қорғау жөніндегі ұсыныстарын халық қалаулысының назарына ұсынса, ардагер журналист Ахметжан Қосақов мүмкіндігі шектеулі жандардың аманатын жеткізді. Өз кезегінде Қазыбек Иса ұсыныстардың бәрін өз назары мен қадағалауына алатындығын айтып, жиналған қауымға ризашылығын білдірді.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.