Балықшылар күні аталып өтті
Осы аптаның басында аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында Балықшылар күніне орай салтанатты жиын өтіп, қармақ ұстаған қауымға құрмет көрсетілді. Жиынды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев бұл күннің мән-маңызына терең тоқталып, табиғи ресурстарды сақтау, балық өсіру шаруашылығын ширату ісіне үлес қосып жүрген жерлестерге алғысын білдірді.
Мемлекет тарапынан мейлінше мүмкіндік беріліп отырған бұл сала біздің өңірде де аяғынан тік тұрып келеді. Мәселен, жерлесіміз Қазақбай Байжұманұлы Тасөткел су қоймасындағы өз шаруашылығын жүргізіп отырса, мемлекеттік қызметтен төл мамандыққа оралған білікті ихтиолог Нәйлә Ескенқызы балықтың ақ амур, дөңмаңдай және сазан балықтарын өсіруді қолға алған. Сондай-ақ су айдындарын тазалау, күтіп-баптау, осы саланың даму ісінде белсенділік танытып жүрген «Балық Fest SHU» қоғамдық бірлестігінің мүшелері де өз міндеттерін мұқият атқарып жүр. Аталмыш үкіметтік емес ұйымды Жұмахан Төлеуұлы басқаратынын атап өткен жөн.
Осы жиында өңірдің бірқатар азаматтары аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталып, қошеметке бөленді. Сондай-ақ марапатталған қауым да өз ойларын ортаға салып, ыстық ықыласқа алғыстарын айтты.
Байжан Емберді.