Ақпараттық портал

Қала тұрғындарының талап-тілегі тыңдалды

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу қаласы ауданның алға ілгерілеуіне серпін беретін бірден-бір қала. Сонымен бірге, мұнда 40 мыңнан аса тұрғын бар екенін ескерсек, қаладағы шешімін күткен мәселелерді уақыт оздырмай шешу қажет екенін аңғару қиын емес. Осыны ескерген аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бұған дейін қаладағы барлық мөлтек аудандарды аралап, түйткілді мәселелерге көз жеткізген еді. Ал ағымдағы аптада қала тұрғындарымен арнайы кездесіп, көптің көкейінде жүрген түйткілдерді жергілікті тұрғындардың өз аузынан естіді.

Шынын айту керек, Шу қаласына өткен жылы қыруар қаржы бөлініп, тиісінше бөлінген қаражатқа ауқымды тірлік атқарылды. Әсіресе, шулықтардың жанайқайына айналған көше жолдары едәуір жаңарып, көптеген көшеге асфальт төселді. Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлердің маңына ойын алаңшалары соғылып, жарықтандыру мәселесі де біршама ретке келді. Тағы бір айта кетерлігі, ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген қаланың қақ ортасындағы «Теміржолшылар» саябағы да бүгінде сәні мен салтанаты келісіп, көркі көз сүйсінтіп тұр. Аудан әкімі Б.Жәнібеков пен аудан прокуроры Қайыржан Қуатбековтың қала тұрғындарымен кездесуі барысында қала әкімі Елдос Нұралиев дәл осы жұмыстарды және алдағы жоспарларын атап өтті.
– Жыл сайын Шу қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары артып, бөлінген қаражат көлемі де едәуір көбейіп отыр. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2022 жылы қала бюджеті 268 миллион теңге болса, өткен жылы 936 миллион теңгені құрады. Ал биылғы жылы қала қазынасына бөлінетін қаржы көлемі 1 миллиард 144 миллион теңгеге жетті. Тұтастай алғанда, қала бойынша жалпы ұзындығы 204 шақырымды құрайтын 313 көше болса, оның 164-і асфальтталмаған. Яғни, көше жолдарының 52,3 пайызы өте өзекті мәселелердің қатарында тұр. Осыны ескере отырып, өткен жылы 17 көшеге асфальт, 3 көшеге жаяу жүргінші жолағы, 11 көшеге шағал тас төселді. Биылғы жылы барлығы 42 көшені жөндеу жоспарланып, қазіргі кезде жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстардың барлығына 615 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр, – деді қала әкімі.
Басқосу барысында қала тұрғындары аудан басшысына көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Мәселен, Қанат Жапабаев есімді қала тұрғыны электр желілерінің әбден тозығы жеткенін және ауыз суға қатысты түйткілдің күн тәртібінде тұрғанын жеткізді. Сонымен қатар, ардагер Қайрат Досжанов қаладағы Ғ.Мұратбаев көшесіндегі жарықтандыру мен Жеңіс саябағының ахуалына қатысты сауалын жолдады. Аталған мәселелерге қатысты жауап берген аудан әкімі көтерілген түйткілдердің өте орынды екенін және бұл бойынша нақты жұмыстардың қолға алынатынын жеткізді.
Жоғарыда аталған мәселелердің барлығы жылдар бойы бірте-бірте қалыптасқандықтан оның бәрін бір мезетте шешу мүмкін еместігін анық айтуымыз керек. Оның үстіне қолға алынатын кез келген жұмыс қазынадағы қаржыға тіреледі. Сол себепті де жоғарыда аталған мәселелер бір жүйеге келтіріліп, рет-ретімен шешілетініне сенім білдіреміз.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.