Елдің бірлігі – ең асыл қасиет
«Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасы аясында ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Дүйсембайұлы бастаған жұмысшы топ ауданымызға арнайы келіп, өңірдегі бірқатар мемлекеттік органдар мен мекемелерде семинар-тренинг өткізді. Ең алдымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен басқосуға ауданымыздың белсенді жастары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар, дәл осындай кездесулер аудандық аурухана мен «Amanat» партиясы Шу аудандық филиалының мәжіліс залында өтіп, онда мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік мекеме қызметкерлері, Мансап орталығы және өзге де бөлім қызметкерлері ұлтаралық татулық мәселесі бойынша жұмысшы топ мүшелерімен еркін пікір алмасты. Жалпы, еліміздегі ұлтаралық мәселелерді реттеу, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде үйлестіру сынды маңызды міндетпен Қазақстан халқы Ассамблеясы тікелей айналысатынын білеміз. Ал оның негізгі мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, ел халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз ету.
Ассамблеяның негізгі міндетіне этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді қолдау және дамыту кіреді. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. Оған қоса, этномәдени бірлестіктер арасында ел халқының ұлттық мәдениеті, тілі мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етеді.
Дәл осындай маңызды міндеттерді аудан халқына түсіндіріп өткен жұмысшы топ мүшелері бұдан өзге де маңызды мәліметтермен бөлісті. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің заң факультетінің аға оқытушысы Р.Тоқатаев, «Республикалық дүнген этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы З.Махусеев сынды жұмысшы топ мүшелері өз ойларын ортаға салып, қоғамда орын алып жатқан түрлі ұлтаралық мәселелерді атап өтті. Тиісінше, күрмеуі қиын дәл осындай түйткілдерді мейлінше әділетті шешу қажеттігін жеткізді.
Ерғали Қартайған.