Ақпараттық портал

Атқарылған жұмыстар сараланды

Қоғамдық кеңестің бірінші тоқсанына арналған жұмыс жоспарына сәйкес 2024 жылғы 29 наурызда өткен кеңес отырысында аудан әкімі Б.Жәнібековтің «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023 жылғы қорытындылары туралы» және Шу ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Ахылбекованың «2023 жылы бөліммен көрсетілген мемлекеттік қызметтері бойынша атқарған жұмыстары туралы» есептері тыңдалды.

Бірінші мәселені қарау және талқылаудың қорытындысы бойынша аудан аумағында инвестициялық жобаларды толыққанды іске асыру, 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына енгізілген ауылдық округтер бойынша (Далақайнар ауылы, Өндіріс, Балуан Шолақ, Алға а/о) ұйымдастырылатын жұмыстарды тұрақты қадағалау, жайылым жерлерді ұлғайту және мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарына назар аудару, аудан теңгеріміне қабылданған 45 бірлік ағын су каналдарына уақытылы жөндеу жұмыстарын жүргізу, тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтарды кезең-кезеңімен баспанамен қамту, 2024 жылға арналған «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылатын жобалар бойынша көше жолдарын асфальттау, Шу қаласы бойынша 2024 жылдың жоспарына енгізілген көше жолдарының уақытылы және сапалы жүргізілуіне бақылауды күшейту, осы жылға жоспарланған үш жаңа құрылыстың (Жиенбет а. 100 орындық о.м., Шу қ. 600 орындық 2 жайлы мектеп) және төрт жапсарлас құрылыстың, екі күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтау, елді мекендерде жаңадан клубтар салу тетіктерін қарастыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде ұсынымдар енгізілді.
Қоғамдық кеңестің берген ұсынымдары бойынша өткен алты айда аудан әкімдігі тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, Бірлікүстем ауылдық округі аумағында 2024 жылдың шілде айында іске қосылуы жоспарланған «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің Шатыркөл-Жайсан кластерінде жаңа байыту фабрикасына ауданнан 42 қызметкерді орналастыру бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, өзге де кәсіпорындардың іске асырылу кезеңінде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын Далақайнар ауылы, Алға, Өндіріс, Балуан Шолақ ауылдық округтерінде іске асырылу жоспарланған болатын. Алайда, бағдарламаның 5-бағыты – кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары Шу қаласы мен 18 ауылдық округте іске асырылатын болды. Бүгінгі күнге Шу қаласы және 18 ауылдық округтен 142 жоба 1,189 млрд.теңгеге Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылды. Қаражаттың бөлінуіне қарай құжаттар «Тараз» ӘКК-ге өткізілетін болады.
2024 жылдың соңына дейін жайылым тапшылығын толығымен шешу үшін ауданның жер қорынан жалпы көлемі 21 000 гектар жайылымдық жер алқабына Далақайнар ауылы, Шоқпар, Бірлік, Жаңақоғам, және Өндіріс ауылдық округтерін қосу жоспарлануда. Елді мекенге жақын, 5-7 шақырым радиуста орналасқан жайылым жерлер бойынша 15 ауылдық округтен, 104 шаруашылықтың 13 300 га жайылымдық жері анықталып, кедергісіз мал жаюға жер иелерімен меморандум жасалды. Қазіргі таңда 45 каналдың сараптама қорытындысы алынып, 30 канал бойынша облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім берілді. Қалған 15 каналдың құжаттамалары бюджеттік өтінім берілмей, «Казсуашар» мекемесінің теңгеріміне беру тетіктері қарастырылуда.
Бүгінгі күнге Шу ауданы бойынша тұрғын үй кезегінің тізімінде 1721 азамат тіркелген. Оның ішінде жетім балалар – 202, көпбалалы отбасылар – 481, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын азаматтар – 825, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер – 213.
2023 жылдан бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезегіне тіркелу «kezekte.kz» порталы арқылы азаматтың жеке электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦП) және тұрғылықты мекенжайы бойынша құжат тапсыру жергілікті әкімшілік аппараты арқылы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Шу ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қаражат қарастырылып, тұрғын үй кезегі тізіміндегі көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын азаматтарға 2023 жылдың 28 желтоқсанындағы аудан әкімдігінің №578 қаулысымен 57 үйдің кілті табысталды. 2023 жылы Төле би ауылы, Балуан Шолақ көшесі №199А мекенжайында орналасқан 14 пәтерлік жатақхана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жағдайы төмен отбасылар мен мүгедек бала асыраушы отбасыларға пайдалануға берілді.
2024 жылға арналған «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының іске асырылуы бойынша 11 жоба, көшеішілік 26 шақырым жолдарды жөндеу жұмыстарына құны 834,7 млн. теңгеге өтінім беріліп, қолдау тапты. Шу қаласы бойынша ағымдағы жылдың жоспарына енгізілген көше жолдарының жұмыстары уақтылы және сапалы жүргізілуі бақылауға алынды.
Қала бойынша биыл 42 көшені асфальттауға ЖСҚ әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. ЖСҚ бойынша 615 млн теңгеге ұзындығы 20,194 шақырым көше жолдары жөнделетін болады.
Шу ауданы аумағында 2024-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2 мектеп құрылысы жоспарланған. Шу қаласы, «Жанкулиев» тұрғын аумағынан 600 орындық мектеп құрылысын жүргізу және «Тоғай» тұрғын аумағынан 600 орындық мектеп құрылысын салу. Қазіргі таңда уақытша өтеулі қысқа мерзімді жер пайдалану құқығы таңдалып, мемлекеттік актісі рәсімделді. Қаржылық қолдау таппауына байланысты 2024 жылы ЖСҚ-сы дайын, түзетуден өткізілген Ақсу, Далақайнар ауылдық мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілмеді.
Сонымен қатар, осы отырыста қаралған екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын, көрсетілу тәртібін, мерзімдерін сақтауды және мерзім бұзу фактілерін болдырмауды тұрақты бақылауда ұстау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен негізгі ережелерін БАҚ-да, жергілікті сайттарда, әлеуметтік желілерде мақалалар мен бейнематериалдар арқылы кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жауапты тұлғалар кезекті еңбек демалысында немесе тиісті себептерге байланысты жұмыс орнында болмаған уақытта, тиісті алмастырушы маманға ақпарттық жүйелерге рұқсат берілуі қатаң бақылауға алынып, ЭЦҚ арқылы жұмыстың жалғастырылуын бақылауда ұстау жөнінде тиісті ұсынымдар берілді.
Сондай-ақ, қоғамдық кеңестің екінші тоқсанына арналған жұмыс жоспарына сәйкес, «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағында (АЭА) атқарылып жатқан жұмыстар туралы басқарма төрағасы К.Мухамбеткалиевтің, «2023 жылы мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша атқарылған жұмыстар туралы» Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Каликовтың есептері тыңдалды. Мәселені қарау және талқылау барысында «Jibek joly» АЭА-да тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің (жұмыстардың) өндіру көлемін арттыру тетіктерін қарастыру, негізгі және инфрақұрылымдық құрылыстарды (газ, су және т.б.) толыққанды жүргізу, осы құрылыстарға жергілікті жердегі азаматтарды барынша тарту, АЭА қатысушы кәсіпорындар тарапынан әлеуметтік серіктестікті дамыту мақсатында осы аумақта орналасқан елді мекендерге қаржылай және басқа да көмек көрсету жолдарын қарастыру, «Jibek joly» АЭА БК» АҚ жұмыстарының анықтығын көрсету үшін құрылыс, өнім өндіру бағытындағы жұмыстар туралы халықты барынша хабардар ету үшін БАҚ-да және әлеуметтік желілерде тиісті мақалаларды үнемі жариялап отыру ұсынылды. Сонымен қатар, ауданның қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, жекелеген әкімдік бөлімдерінің басшылары, мекеме басшылары және БАҚ өкілдері «Jibek joly» АЭА-на қатысушы кәсіпорындардың атқарып жатқан жұмыстарымен жұмыс орнына барып танысып қайтты. Танысу барысында «Jibek joly» АЭА аймағындағы өндірістік («Хим плюс» ЖШС, «С9 Тechnologies» ЖШС, «Бірлік-Құрылыс-Жөндеу» ЖШС ), инфрақұрылымдық «Chemical Engineering» ЖШС, «JVictor New Energy» ЖШС нысандарын аралады. Аралау барысында акционерлік қоғам төрағасы Қ.Мухамбеткалиев мекемеге өнім өндіру мәселесіне қатысты қолдау керек екенін атап өтті. Осыған байланысты қоғамдық кеңес мүшелері Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қ.Шарлапаевқа, Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеевке хат жолдады.
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе бойынша қоғамдық кеңес мүшелері тиісті ұсынымдар қабылдады.Ұсыныстардың орындалуы тұрақты бақылауда.
2024 жылдың 6 айында қоғамдық кеңес аудан әкімінің 9 шешімінің, аудан әкімдігінің 1 қаулы және аудандық мәслихаттың 2 шешімінің жобаларына ұсынымдар берді.

Ерболат Досымбаев,
Шу аудандық қоғамдық кеңес төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.