Мәнді мәселелер қозғалды
Жуырда Астана қаласында өткен мәслихат депутаттарының екінші республикалық форумына қатысып қайттық. Еліміздегі мәслихаттардың рөлін күшейту және саяси реформаларды талқылау мақсатын көздеген форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 3 мыңға жуық депутат қатысты. Олардың басым бөлігі жергілікті өкілді органдардан болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форум барысында мәслихаттардың жауапкершілігі мен халық алдындағы рөлін ерекше атап өтті. Президент мәслихаттардың құзыретін арттыру қажеттігін айтып, әсіресе бюджеттік дербестік мәселесіне назар аударды. Ол сондай-ақ кейбір депутаттардың сайлаушылар алдындағы есептері көбіне формалды түрде өтетінін сынға алып, халықпен тығыз байланыс орнатудың маңыздылығын ескертті.
Форумда «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов та сөз сөйлеп, реформалар халықтың болашаққа деген сенімін арттырып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, ұлттық мұраны сақтау және әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар айтылды, соның ішінде ұлттық театр ашу және жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелері қозғалды.
Бұл жиын мәслихаттардың ел дамуындағы рөлін одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Өйткені, елорданың төрінде өткен бұл форумның аудан өміріне де тікелей қатысы бар. Ауданымыздағы жергілікті мәслихаттың жауапты тұлғалары, халықпен тікелей байланыста жұмыс жасайтын мәслихат депутаттары алдағы уақытта осы форумда айтылған өзекті мәселелерді, сын-ескертпелерді назарда ұстайды деген сенімдемін. Себебі, форумда көтерілген мәселелер тұрғындарға қатысты әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға, қара халықтың құқығын қорғауға, елдің жарқын болашағына жол ашуға бағытталған өзге де өзекті бастамаларға негізделген. Сондықтан, бұл форумның ел тарихындағы рөлі ерекше деп білемін.
Ғани Қойбағаров,
аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры,
аудандық мәслихаттың
депутаты.