Ақпараттық портал

Көңілі кең ананың ісі игі

Біз бағзыдан қонақжай, жөн-жоралғыны жетік білетін, сый-құрметтің жасалу жолын дәріптей алатын текті халықпыз. Сол діңімізден ажырамай, бүгінгі күні ата жолды жалғастырып, сол тектіліктің үлгісін көрсетіп жүрген жандар ортамызда бар. “Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше” демекші, бір дастархан басында емен-жарқын сөйлесіп, оралыңның барында ойнап-күлудің өзі де ағаттық емес. “Сыйласарлық тектінің кім танымас нұсқасын” демекші, жомарт көңілімен жан-жағындағы жандардың көңілінің кірін басып, бір шәугім шәйін беріп, өнегелі өсиетін ортаға салып жүрген Шымшық анамыздың талай игі істерін газет бетіне жариялап жүрміз.

Бұл жолы Шымшық анамыз “Қарттар күні” мерекесіне орай балуаншолақтық “Жеті қазына” құрамындағы әжейлерге арнап “Жайсан” мейрамханасында арнайы дәм берді. .
«Ең дәмді деп татқаның – өз еңбегіңмен тапқаның. Сонда ғана еңбегің – дәулетің, беделің – сәулетің бола алады. Сонда ғана шыраққа айнала аласың. Жанған шырақ жарық берер, жарық берген шырағыңды халық көрер»деген Әйтеке бидің даналық сөзі Шымшық анамыздай жандарға қарата айтқан десек, артық айтқандық емес. Өзі еңбекқор бола білген жан өзгенің шынайы еңбегін бағалай алады. Бір үйдің отымен кіріп, күлімен шығып қана қоймай бір ауылдың мызғымас бірлігінің қазығы бола білген “Жеті қазына” атанып кеткен аналарымызға сый көрсете білуі-шын жанашырлықтың үлгісі.
Жақсының жақсылығын айтудан жалықпаған, “жаныңда жүр жақсы адам” деген даналы сөзді ұлықтаған халықпыз. Әрі “Алғыс арқалаған арымас” деген аталы сөзді кие тұтып, баталы болуға талпынған жұртпыз. Сондай жақсы қасиеттерді бойына жиған қазақтай дархан ел бар ма, шіркін?! Міне, осындай дархан халықтың дара анасы болып жүрген Шымшықтай асыл аналарымыздың өнегелі ісі арқылы өскелең ұрпақтың санасына тарыдай болса да мейірімділіктің дәнін себе алсақ, тәрбиенің бір жолынан жаңылмаған болар едік.
Қашанда жақсыға жақсы үйір, пейілі кең, көңілі дария жандардың ортасы толып, өрісі кеңейе беретіндігі-өмір заңдылығы. Ел аузынан Шымшық анамыздың жақсы істерінен құлақтанып жүрген аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Айжан Иманова апамыз да осы отырыстың шырайын кіргізді. Дастархан басында көпті көрген, түйгені мол аналарымыз ел жайын қаузап, тәрбиеге қырын қарамаудың жолдарын іздестіріп, қоғамдағы түрлі мәселелердің шешімін табуға назар аударды. “Күлтөбенің басында күн де жиынның” бір үлгісі осы болса керек. Батыр ана атанып, шарапатты ісімен көпке танылған анамыздың бойындағы имани қасиетінің биік, рухы мығым екендігі көзкөргендерге аян. Жарасымды кездесуде Шымшық анамыз қазыналы қарттарымызға жайнамаз сыйлап, тағы бір көңілдерін марқайтып қойды.
Мемлекет басшысы кемел келешекке бастайтын — Жаңа Қазақстанды құрудың қуатты тетіктері мен бағыт-бағдарын нақты белгілеп берді. Оның басында, әрине қазыналы қарттарымыздың тұратыны еш күмәнсіз. “Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт” деп Жамбыл бабамыз жырлағандай ұлт болып бірлікке ұйыссақ, біз аспайтын асу, алмайтын қамал болмас.
-Қазақ қашанда қартын сыйлап, қатарласын құрметтеген. Сонымен бірге әулет аналары ұрпақ тәрбиесіне араласқан. Оның мәні тым тереңде жатыр. Төл мерекеміз қарсаңында осындай мәжілісті өткізуді ұйғардық. Бұдан өскелең ұрпақ өнеге алса дейміз. Өйткені болашақ иелері әз әжелердің бейнесін жадыларына сақтау керек. Ал қанаттастарыма алғыстан басқа айтарым жоқ,- дейді кейуана Ш. Мадалиева

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.