Жаңару – жақсылықтың бастауы
Ағымдағы жылдың 14-24 наурыз аралығы Наурызнама онкүндігі деп жарияланған болатын. Осыған орай 19 наурыз – Жаңару күні еді. Бұл – табиғаттың оянуымен қатар, адам баласының да жан-дүниесі жаңғырып, жаңа мақсаттарға бет бұратын ерекше сәті. Бұл күн – кешегі өкпе-назды ұмытып, көңіл көкжиегін кеңейтіп, жүректерге мейірім шуағын себетін күн.
Әдеттегі шуақты, сәні мен салтанаты келіскен жайдарлы күні Жайсан орта мектебінің ауласында білім алушылар “Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын ұстана отырып, арнайы белгіленген аумақта жаңа көшеттерді отырғызу арқылы жасыл белдеуді кеңейтуге елеулі үлес қосты. Ұстаздар тал егу жұмысы арқылы балалардың табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындырды. Қоршаған ортаның жақсаруына, шырайының әрленуіне, жасыл желекке бөленуіне өз үлесін қосуға келген білім алушылар тал отырғызу шарасына құлшына кірісіп кетті.
Наурыз – табиғаттың жаңарып, тіршілік қайта жанданатын мезгілі, тазалық пен еңбек айы екендігін айтқан Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы тал егуге келген көпшілікті мерекемен құттықтады. Ағаш отырғызу ежелден келе жатқан дәстүр екендігін айта отырып, білім ордасының ауласына өзінің атаулы ағашын отырғызды.
Бұл игі бастама тек мектеп аумағын абаттандырумен шектелмей, жастардың экологиялық санасын қалыптастыруға, табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға және қоғам игілігіне үлес қосуға бағытталды.
Білім алушылар мен ұстаздардың бірлескен еңбегі табиғатты қорғау жолындағы белсенділік пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналды. Әрбір қатысушы өз үлесін қосу арқылы таза әрі қауіпсіз ортаның маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сәуле Умбетова,
Жайсан орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.