Сөз өнерінің майталманы ұлықталды
«Біздің арамызда ең көп оқитын, көп білетін ақын – осы Қадыр. Біздің арамызда көп ізденетін, сол іздегенін көбірек табатын да Қадыр» депті бір кездері Тұманбай Молдағалиев. Лайықты теңеу осы дер едім.
Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы «Шабыт» жобасы негізінде Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл толуына орай Жайсан орта мектебінде «Өз елім менің» тақырыбында әдеби кеш өткізілді.
Әдеби кеш мысқылы мірдің оғындай, жазғаны жасын отындай, халқы құрметтеп, қазақтың қадірі атанған, білімдарлығымен баршаны бас идіріп, ақындығымен тәнті еткен, сөз өнерінің майталманы, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдық мерейтойына арналды.
Әдеби кештің мақсаты – Қадыр Мырза Әлінің әдеби мұрасын ұлықтау, поэзиясының тереңдігін, ойшылдығын және халыққа деген адал қызметін көрсету. Өлеңдері мен жырлары арқылы қазақ халқының рухани байлығын паш ету. Шығармашылығы даналықпен дараланған ақынды ұлықтауға арналған әдеби кеш ұйымдастырушы педагог Даулетказина Мадина Алдабергенқызының ұйымдастыруымен өткізілді.
Кеш барысында білім алушылар ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы баяндап, өлеңдерін оқып, күй шертіп, жыр шуамақтарын оқыды. Ақынның өлеңдері мен нақыл сөздері халқымыздың рухани мұрасы, өмірлік ұстанымға айналған асыл қазынасы болып қала бермек. Қазақтың маңдайына біткен дана ақын, Қадыр ақын дүниеден өткенімен, оның артында бай және мол мұрасы қалды.
Өзінің бүткіл саналы ғұмырын туған халқына арнап, перзенттік адал махаббат, ыстық ықыласымен оның ар-намысын поэзия көгіне Ту қылып көтеріп өткен дарабоз ақын Қадыр Мырза Әлі шығармалары – халқымыздың келешегі үшін қаншама ғасырлық өлшеммен қызмет етерліктей, теңдесі жоқ құндылық.
Қаламының қуатымен, дара дарынымен, ұшқыр ойымен сан қабат тіршіліктің кейбір келеңсіз көріністерін өткір сынай отырып, халқының бар қадыр-қасиетін, мінез-келбетін Қадырдай көрсете білген талант кемде-кем. Ендеше, оған ел құрметі де мәңгілік!
Қадыр Мырза Әлі шығармашылығы – қарапайымдылық пен тереңдікке толы әлем. Ол адамдық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақ санасына ұлттық рух пен тәрбие сіңіре білді. Ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Қадір Мырза Әліге тағзым етіп, оның мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз.
Шырайлы шара Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнімен аяқталды. Осындай тамаша кештің өтуіне зор үлесін қосқан 5 «Ә» сынып ата-аналарына зор алғыс білдіреміз!
Сауле Умбетова,
Жайсан орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.