Өзекті мәселелер талқыланды
Апта басында аудан әкімі Б.Жәнібековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, өзекті мәселелердің шешілу жолдары қарастырылды. Күн тәртібіндегі түйткілдер бойынша «Ауыз су – Шу», «Төле би мамандандырылған көпсалалы кәсіпорны» мекемелерінің басшылары аудан тұрғындарының ауыз сумен қамтылу деңгейі және тұрмыстық қатты қалдықтар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап өтті. Одан бөлек, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен оған қарасты «Шу ақпараттық медиа орталығы» мекемесінің басшылары өз баяндамаларын ұсынды.
Тұрғындарға тіршілік нәрін тарататын мекеменің басшысы Асқар Наурызбаевтың айтуынша, аудандағы 35 елді мекеннің 31-іне орталықтандырылған ауыз су жүйелері жүргізілген. Яғни сапалы ауыз сумен қамтылу деңгейі 88,5 пайызды құрап отыр.
Бұдан бөлек, 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін «Ауыз су–Шу» КМК 5 312 абонентке қызмет көрсетсе, бүгінгі күнге дейін абонент саны 15 542-ге жеткен. Өткен жылы 3 ауылға ауыз су құбыры тартылып, биыл 500-ден аса түтін таза суды тұтынуда.
Тұрмыстық қатты қалдықтар жайы тұрғындарды алаңдатып отырған басты сауал екені белгілі. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Ол туралы Асылжан Жапсарбаев өз баяндамасында атап өтті.
Оның сөзінше, кәсіпорын қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметін 2024 жылдың қыркүйек айынан Шу қаласы, Төле би және Алға ауылдық округтерінде 2 дана қоқыс шығаратын арнайы техниканы жалға алып бастаған. Коммуналдық қызметке көрсетілген қолдаудың және жемісті жұмыстардың нәтижесінде абонент саны 478-ден 4185-ке жетіп, жаңа техникалар алынған.
-2025 жылы қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында 22 кубтық артқы жүктемесі бар арнайы «Камаз» шасси техникасы және 9 кубтық бүйірлік жүктемесі бар «Foton» шасси арнайы техникасы алынған. Сонымен қатар 22 қоқыс сақтайтын полигондар кәсіпорын теңгеріміне алынған. Полигондарды күтіп ұстау барысында шынжыр табанды бульдозері алынды,-дейді А.Оразханұлы.
Бұдан кейін ішкі саясат бөлімінің басшысы Бауыржан Төлегенов мерзімді басылымдарға жазылу науқаны туралы тарқатып өтсе, Меруерт Жолдасқызы әкімдікке бағынысты бөлімдер мен мекемелердің жұртшылықпен кері байланысы жайын баяндап берді.
Бауыржан Қадырбайұлының айтуына қарағанда бірқатар мекемелер мерзімді баспасөзге жазылуға әлі де болса асығар емес. Тіпті, төмен көрсеткіштен сәл де болса өсу байқалмаған. Одан бөлек, басшылар тұрғындармен тілдесу үшін тікелей эфирге шығудан қашқақтайтын көрінеді.
-Тікелей эфирлерді өткізудегі басты себептердің бірі – тұрғындар мен мемлекеттік мекемелер ортасындағы барьерді жою және тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру. Осы орайда айта кетсек, кейбір бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері салғырттық танытып, эфирге шықпай уақыт жағынан да кейінге шегерілу жайттары орын алды,-дейді М.Тоқмолдаева.
Байжан Емберді.