Ақпараттық портал

Халық қалаулысы ел ішінде

Жуырда ғана Қазақстан Республикасының Парламенті жазғы каникулға шыққан болатын. Әр аймақтан халық сеніміне ие болған Сенат және Мәжіліс депутаттары демалмастан бұрын өңірлерді аралауды игі дәстүрге айналдырған. Соның ішінде Жамбыл облысынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова ауданымыздағы Дулат ауылдық округінде болып, каналдардың құрылыс жұмыстарымен танысып шықты.

Бүгінгі таңда аталмыш округтегі бақша баққан диқандар дән риза. Себебі 4 каналға су берілген. Тағы бір арнаның құрылысы таяуда тәмамдалмақ. Осылайша, ирандық компания екі аптада жұмыстарды соңына жеткізбек.
Мұнан кейін Гүлдара Алданышқызы Жаңа жол ауылында жаңадан бой көтеріп жатқан спорт кешенінің құрылысын көрді. Мамыр айынан басталған жұмыстың мерзімі жоспар бойынша келер жылғы мамыр айында аяқталмақ. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, қаржыландыру ісі қарқынды болса күздің соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беруге болады.
Спорт нысанына келісімшарт бойынша 401 млн теңге қарастырылған. Оның алғашқы 100 млн теңгесі биыл бөлінген. Қазіргі таңда құрылыс жұмысы 10 пайызға атқарылған көрінеді.
-Маған бұған дейінгі сапарымда жаңажолдықтар ауылға мәдениет ошағы мен спорт кешені керектігін айтты. Ауыл қарияларының аманатын тиісті тұлғаларға жеткіздік. Міне, спорт ғимаратын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ендігі кезекте мәдениет үйін салу туралы мәселемен айналысып, тұрғындар тілегін орындауға тырысамын,-дейді Г.Нұрым.
Мәжіліс депутаты бұл сапарында Белбасар ауылына да атбасын бұрып, Мәдениет үйінің құрылысын көзбен көрді. Мердігер бір айда бұл нысан халық кәдесіне беріледі деп отыр.
Астана төрінен келген мейманға ауыл тұрғындары электр желілерін жаңарту қажет деген ұсынысын жеткізді. Бұл мәселені Мәжіліс депутаты өзіне түртіп алды.
Сапар соңында Гүлдара Алданышқызы Шу ауданындағы «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағына барды. Соны серпіліске бастайтын ілкімді істерге куә болған халық қалаулысы өндіріс орындарын аралады. АЭА басшылығы атқарылған жұмыстар жайын баяндап, болашақтағы жоспармен бөлісті.
Еске сала кетейік, мұнда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестор тарту жұмысы жолға қойылған. Мәселен, жуырда құны 1 трлн теңгеге жуық инвестициялық қаржыға бірден қос бірдей зауыттың құрылысы басталды.
Келешекте «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында жылына 3 млн тонна болат өндіретін металлургиялық зауыт жұмыс істейтін болады.
Темірді терең өңдеп, болат бұйымдарын шығаратын зауыт құрылысын қытайлық инвесторлар қолға алған. 564 млрд теңге қаржыға тұрғызылатын зауыт 4 жылда толық қуатына шығады. Ал, екі жылдан кейін алғашқы 1 млн тонна өнімді бермек.
Сондай-ақ, АЭА аумағында Орталық Азия бойынша жүгеріні қалдықсыз терең өңдейтін кәсіпорын бой көтереді.
Зауытта 3 млн тоннаға жуық жүгері өңделеді. Инвестиция көлемі 420 млрд теңге. Ал ашылған кезде 1500 тұрғын жұмыспен қамтылмақ.
Қазірдің өзінде кәсіпорын толық салынып бітпей-ақ, жергілікті шаруалардан 300 мың тонна жүгері қабылдайды.
Одан бөлек, арнайы экономика-лық аймақта жылдық қуаттылығы 25 мың тонна натрий цианидін өндіретін зауыт салынады.
Сонымен қатар «TARAZ GELATIN» серіктестігі тағамдық желатин мен коллаген өндірісін қолға алмақ. Өткен жылғы қарашада басталған кәсіпорын құрылысы биыл күзде аяқталады деп күтілуде.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.