Білім ошақтарында кемшілік көп
Кейінгі жылдары еліміздің түкпір-түкпірінде құрылған қоғамдық кеңестердің бүгінде атқарып отырған қызметі мен маңызы өте зор. Себебі, бұл – мемлекеттің қарапайым халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың бірегей бағыты болып табылады. Мәселен, аудандағы қоғамдық кеңес мүшелерінің тұрақты басқосулары – өңіріміздегі шешімін күткен өзекті мәселелерді талқылау, ауылдық округ әкімдері және мекеме басшыларының атқарған жұмыстары жөнінде толыққанды есептер алу, қолға алынуы тиіс шараларды белгілеп беріп, қажет жағдайда сын айтып, белсенділікке шақыруға, аудан әкімдігінің де түрлі Қаулыларын қарап, қоғамдық кеңестің мақұлдауымен іске асыруға бағытталған.
Қоғамдық кеңес ең әуелі, билік пен халықтың арасын алшақтатпаудың бірегей жолы екенін айта кету керек. Мәселен, аудандық қоғамдық кеңес құрылған уақыттан бастап, жергілікті жердің қоғамдық өміріне белсене араласып, маңызды мәселелерді билік органдарымен бірлесіп шешуге үлес қосып келеді. Әсіресе, жергілікті халықтың, тіпті билік өкілдерінің қолы жетпей жүрген мекеме басшыларының, әртүрлі серіктестіктер мен мердігерлердің жұмысына зерделеу жасап, олардан есеп алу да тұрақты үрдіске айналған. Дәл осындай басқосу дүйсенбі күні «Amanat» партиясы Шу аудандық филиалының мәжіліс залында өтіп, аталмыш жиынға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Тынышхан Әрістеев пен кеңес мүшелері және бірқатар бөлім басшылары мен мектеп директорлары қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев баяндама жасап, білім саласында атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталды. Айта кету керек, қараша айында қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан аудандағы барлық білім ошақтарына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, онда мектептердің материалдық-техникалық базасы қаралған еді. Аталған зерделеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, білім ошақтарының басым бөлігінде көптеген кемшіліктер анықталып, материалдық-техникалық жабдықталуы төмен деңгейде екені байқалған. Дәлірек айтқанда, мектептердің көпшілігінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандуста шақыру батырмасы жоқ, бала қауіпсіздігіне арналған турникеттер істен шыққан, бірқатар мектептер модификациялық кабинеттермен мүлдем қамтылмаған. Оған қоса, бүгінгі таңда өте өзекті мәселелердің қатарына кіретін бейнебақылау камераларының да басым бөлігі істен шыққан. Күні кеше өткен кеңес отырысында дәл осы мәселелерді қоғамдық кеңес төрағасы Т.Әрістеев баяндап, бөлім басшысына сауалдар қойды. Сонымен бірге, Б.Қарғабаев, Ж.Чекаев, Г.Инкарбекова, Қ.Қораласбаев, Б.Қайранов және Р.Шоңбаев сынды бірқатар қоғамдық кеңес мүшелері де өз сауалдарын қойды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Құтыбеков баяндама жасап, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Сонымен бірге, келесі жылы қолға алынатын бірқатар жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарын баяндады. Одан бөлек, қоғамдық кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, жоғарыда аталып өткен мәселелер бойынша нақты ұсынымдар қабылданды.
Ерғали Қартайған.