Оқушылар паралимпиада жеңімпазымен жүздесті
Сәрсенбінің сәтінде аудан орталығындағы әл-Фараби атындағы орта мектепте паралимпиада ойындарының чемпионы, әулиеата аңызы Зульфия Габидуллина құрметті мейман болды. Паралимпиада ұлттық құрамасының капитанының Шу өңіріне ат басын бұруы өскелең ұрпақпен қатар тұтас аудан үшін айтулы оқиға болғаны анық.
Саңлақ спортшының ғұмыры жеңістер мен жетістіктерден бөлек, өмірге деген жігердің айқын белгісімен өрілген. Бұл, ең алдымен, таңғажайып қайраттылық, табандылық және ең қиын сынақтарға қарамастан өз армандарына жету мүмкіндігінің тарихы.
Аталмыш кездесуді аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Феникс» оңалту орталығы» ҚБ төрағасы Фоат Камардинов ұйымдастырса, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Төлегенова модераторлық етті.
Кездесуді ізгі лебізмен ашқан мектеп директоры Жанат Әлиасқаров қонақтарға қош келдіңізді айтып, маңызды шараны ұйымдастырушыларға шынайы алғысын жеткізді. Себебі бұл кездесу оқушыларға шабыт сыйлап, ерлік пен жігердің нағыз үлгісін көруге мүмкіндік беріп отыр. Кездесу басы Зульфия Габидуллинаның спорттағы жеңісті жолдарынан сыр шертетін қысқаша бейнероликпен басталды. Ал кездесу куәгерлері аңыз тұлғамен жүздесуден алған әсерін ешбір таспа тап басып бере алмайтынын айтуда.
Оқушыларды ерекше тебіренткені чемпионның тағдыршешті сынақтарға душар болғаны мен сол сынақтарды еңсерген оқиғасы болды.
-Ауыр жол-көлік апаты болғанда менің жасым небәрі төртте болған еді. Соның салдарынан мүгедектер арбасына отырдым. Денемдегі барлық дерлік сүйектер сынып, омыртқама зақым келді. Ол кезде не болып жатқанын анық түсінбесем де, жаныма батқан ауырлық пен үрейді сезіндім. Мен қалыптасқан дағдылардың барлығын қайта бастадым. Қолыма қасық, кесе,қалам ұстауды үйрендім. Өзге балалардың күнделікті тұрмысындағы әрекеттер мен үшін әжептеуір еңбек болатын. Әрбір кішкентай қадамыма айтарлықтай қажыр-қайрат жұмсалды,-дейді Зульфия Раухатқызы.
Қадірлі мейман жүріп өткен жолы физикалық тұрғыдан бөлек, моральдік жағдайға қатты әсер еткенін жасырмады.
-Қолды бір сілтеп берілгім келген күндер де болды. Бірақ қасымда үнемі анам болып, маған орасан зор сенім білдірді. Өзіме сенбеген сәттерде анамның сенімі маған үлкен қолдау болды. Сол кезде ғана мен жақындардың демеуі мен табандылық тағдырды өзгертуге қауқарлы екенін түсіндім,-дейді суға жүзуден спорт шебері.
Қазіргі таңда кейіпкер өзінің сүйікті қызы Руфия туралы тебірене сөйлеп, қос тәтті немересінен қуат алатынын айтып отырды. Сонымен қатар чемпион оқушыларға өзінің өмір жолын үлгі етіп, кез келген қиындықты жеңіп шығуға болады деп кеңесін берді.
Жылы жүздесу барысында жүрек түкпіріне жетерлік жақсы сөздер айтылды. Өмірге азық боларлық ойлар ортаға салынды. Ең бастысы аңыз тұлғаның ауданға сапары өз жемісін беретініне сенім білдірдік.
Шараға мұрындық болған Фоат Камардинов мұндай кездесулердің өскелең буынға өзіне деген сенім ұялатып, мүмкіндіктердің шектеусіз екенін айтады. Әрі жастарды өр биікке талпындырып, көздеген мұрат жолындағы қиындықтарды жеңуге болатынын түсіндіреді.
Естеріңізге сала кетейік, Зульфия Раухатқызы Габидуллина 1965 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Спортшы, жүзуден Қазақстан Республикасының Халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Қазақстанның Паралимпиада құрамасының капитаны. Габидуллина әлем бойынша бірнеше халықаралық рейтинг бойынша 8 үздік жүзушілер қатарына кіреді. 50 метрге еркін жүзу стилі санатындағы жүзушілер арасында 4 орынды және 100 метр қашықтыққа жүзушілерден 5 орынды алады. Сондай-ақ, ол 150 метрге кешенді жүзуде бесінші және арқа арқылы жүзу бойынша 50 метрлік қашықтықта жетінші орын алады. Бүгінде 156 медаль мен 200-ден астам грамота мен диплом иегері.
Руслан Искаков.