Ақпараттық портал

«КӨКҚАЙНАРҒА» ТАҒЫ КЕЛЕМІН ДЕГЕН ЕДІ…

1996 жылғы көгілдір көктемнің екінші айы болатын. Табиғат ана айналасына нұрын шашып, жер біткен текеметтің түріндей түрлене бастаған. Жылы жаққа бауыр басқан әртүрлі құстар қайта оралып, түрлі әуендерімен сайрап жатқан. Жақында ғана бүршік жарған тал-теректердің көлеңкелері ұзара берді. Атам қазақтың «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген сөзі рас екен.

Осындай көтеріңкі көңілмен кабинетіме кіргенім сол еді, қызметтік телефоным біреу бүйіріне біз қадап алғандай безілдеп қоя берді. Ақырын ғана телефонды құлағыма тостым:

-Ассалаумағалейкүм, Аха (Мұрат інім мені солай атайтын) – деген Мұраттың жарқын даусы естілді.

-Уағалейкүмассалам, сәлем берген баланың жолы болсын!

-Таныған шығарсыз, мен Мұратпын ғой…

-Сен де айтады екенсің, інімді танымайтындай не көрінді?!

Осылайша екеуміз аман-есендік сұрасып алдық. Атап айтар жәйт, Мұраттың бауырмашылдығы бір бөлек еді. Қай кезде телефон шалса да өзіндік ынта-ықыласымен ерекшеленетін. Бұл жолы да сол қалпынан танбады.

-Аха, бұйыртса алдағы сенбі күні сәске түсте сіздің редакцияңызда боламын.

-Кел, күтемін, жайшылық па?

-Алдымызда Ұлы жеңіс күні. Көкқайнар ауылындағы Кеңес Одағының батыры Саттар Естемесовтің жақындарымен сұхбаттасып қайтсам деген ойым бар. Мүмкіндік болса, кіммен жолығатынымызды алдын ала белгілегеніміз дұрыс қой. Ініңіздің осындай өтінішін ескерерсіз…

-Мұрат-ау, о не дегенің?

-Облыс әкімінің баспасөз хатшысының өтінішін ескермейтіндей ағаңды кім деп ойлап жүрсің?!

-Аға, түсіндім, сізбен әзілдесіп, қалжыңдасып жүрмесем, басым ауырып қалатындай көрінеді.

Сонымен айтқан күн де жетіп, Мұратпен айтқан сағатында кездестім. Екеуміз жеңіл көлікке қатар жайғасып, Шу-Қордай бағытындағы күре жолмен тартып келеміз. Төле би мен Көкқайнар ауылының арасы шамалап айтқанда бір сағаттық жер. Ініміз екеуміз сағынысып қалған екенбіз, өткен-кеткенді судай сапырып, жол қысқарта түстік. Негізгі әңгіме Саттар батыр жайлы болды. Бір сәт Мұрат маған:

-Аға, қолыңызды әкеліңізші, сіздің былтыр жарық көрген тырнақалды туындыңыз «Ар әмірі» кітабыңызды бір деммен оқып шықтым. Кеңес Одағының батыры Сәду Шәкіров туралы көркем дүниеңіз маған ұнады,-деп арқамнан қақты.

-Бұл шын ойың ба, әлде ағаңды көтермелегенің бе?- дедім.

-Әрине, шын ойым. Өзіңіз білесіз, менің қайын жұртым Талас жақта тұрады ғой. Осыдан бірер ай бұрын Талас жаққа барғанымда «Ар әмірі» кітабыңыз туралы бірнеше оқырманнан жақсы пікір естідім. Құдай қаламыңызға да қуат берсін! – деп ағынан жарылды.

Бізді Саттар Естемесов атындағы агро-өндірістік бірлестігінің басшысы Мирон Қаратаев пен ауыл әкімі Тоқан Тәжібаев кеңсе алдында қарсы алды. Ауыл басшыларының бастауымен Саттар Естемесовтің немере інісі Тоқтар Байшығашовтың үйіне бет алдық. Тоқтар алпысты алқымдаған жасына қарамастан, ширақ қимылдайтын, батыл сөйлейтін, ақкөңіл кісі екен, оның жұбайы Сағынай да ақжарқын мінезімен қонақтардың қас-қабағына қарай бастады. Үйде тағы да екі ақсақал отырған екен. Бұл кісілер де Саттар жайлы өз білетіндерін ортаға салуды жөн көріпті. Сонымен бұйырған дәмнен ауыз тие отырып, жиналғандар Саттар жайлы әсерлі әңгімелерімен бөлісе бастады. Көбінесе Тоқтар ақсақал сөйлеп отырды. Сондай-ақ, жанында отырған кісілер де өз білгендері мен естігендерін жасырып қала алмады. Шәй ішіліп болған кезде бір жас жігіт сыртқы есіктен бір қойды маңырата өңгеріп алып кірді. Сол кезде Тоқтар ақсақал біздерге қарап: «Сіздер үшін арнайы мал соямын» деп бата беруімізді өтінді. Біз бұндай жағдайды күтпеген едік, алғашында не дерімізді білмей қалдық. Үлкендер жағы: «Жас болсаңдар да жолдарың үлкен» деп қолқалады. Білгенімше мен бата бердім. Осы көріністі ақыл таразысына салған Мұрат аз-кем үнсіздіктен кейін:

-Батырды іздеп келетін журналистер көп болады. Соның бәріне қой соя бересіздер ме?! – деп езу тартты. Төрде отырған бір ақсақал:

-Қарақтарым, Тоқтар ағаларың әркімге қол қусырып қойын соя беретін адам емес, ал марқұм ағасы Саттар жайлы әңгіме туындап жатса, қолдағы барын аямайды, – деп сөзін кілт үзді. Оның жанында отырған құрдасы ма, кім білсін?!  Ол бірден:

-Айтатын болсаң, ақиқатын толық айтсаңшы, – деп қамшылағандай болды. Әлгі кісі көп кідірмей былай деді:

-Айтсам айтайын шет жағасын… Өздерің де білесіңдер, Саттар Естемесов бауырымыз жар сүйсе де перзент сүйе алмай кетті. Ұлы Отан соғысына қатысып, ерен ерлік көрсеткен. Ағамыз мезгілсіз қайтыс болғаннан кейін оған «Кеңес Одағының батыры» деген ең жоғары атақ беріліпті. Дер уағында білмедік, бұл жайдан біз де бейхабар едік. Хабар-ошарсыз кеткендер аз емес қой. Солардың қатарына жатқыза салдық. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында Мәскеуден арнайы келген екі әскери қызметкер осы шағын ауылымызға үлкен жаңалық ала келді. Біздің замандасымыз, туысымыз Саттар Естемесов «Совет Одағының батыры» атағын алған екен. Арнайы жарлықты оқып, куәлігін салтанатты түрде тапсырды. Алтын медалін әскери музейде қалдырғанын айтқан еді. Осы кезде өлгенім тірілді, өшкенім жанды деп қуанған Тоқтар Байшығашев ту биесін сойып, халықтың басын қосқаны бар. Бұдан кейін ауылдағы орта мектепке және бұрынғы Жданов атындағы колхозға Саттар Естемесов аты берілген кезде де бұл кісі ақ дастарханын жайып, көпшіліктің алғысын алған еді. Бауыры үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын құрдасымызға ел болып алғыс айтқанымыз бар. Ал бүгін арнайы сойылған қой сол бір үлгі боларлық үрдістің жалғасы іспеттес, – деп әңгіме арқауын әріден тартты.

Бағанадан бері Мұратқа қарағыштап отырған Тоқтар ағай бір сөзінде былай деді:

-Шырағым Мұрат, ілгеріде біздің колхозда Жұман Сыздықов деген кісі бас зоотехник қызметін атқарған болатын. Сенің сол кісіге қандай жақындығың бар?

-Ол кісі менің әкем…

-Бәсе, түр-түсің әкеңнен аумайды екен. Тап аузынан түсіп қалғандай-ақ… Біраздан бері сөзге араласпай отырған ауыл басшысы былай деді:

-Біздің Тоқтар ұжымшарда аға шопан, аға жылқышы, ферма меңгерушісі сияқты жауапты қызметтерді аткарған. Есте сақтау қабілеті мықты болғандықтан талай мамандарды, басшыларды еске алып отырады, – деп көтермеледі.

Сол күні түс ауа мен шаруашылық басшыларымен тұқым себу науқанын көріп қайтуға жолға шықтым. Ал, Мұрат болса, үй иесімен бірге әңгіме-дүкен құрып, оңаша қалды. Кешкісін Мұратқа жолығып «Ауылға қайтамыз ба?» -дегенде: «Ағай екеуміздің әңгімеміз енді қыза түсті, әңгімесін түнімен тыңдауға бармын, ертең түске таман қайтсақ қайтеді?»-деп уәж айтты.

Қаламы қарымды қаламгердің шабыты шаққа тап келгенін түсініп, айтқанына көндім. Олар оңаша бөлмеде ортақ әңгімелерін жалғастыра берді…

«Көкқайнар» ауылында бір күн, бір түн болған Мұрат қайтар жолда алған әсерлерін айтып тауыса алмады. Қаламгер інімнің сапары сәтті болып, біраз нәрселерге қаныққандығына іштей ризашылық білдірдім. Екеуміз Шу автобекетіне ат басын бұрдық. Ол автобусқа мінер алдында да «Аха, сізге көп рахмет, рухани олжаның шеті көрінді, алдағы уақытта Жамбылдағы, Алматыдағы мұрағаттарға барып, тағы да батыр жайлы деректер мен дәйектерді іздестіремін. Жолға шығарда көлемді мақала жазатын шығармын деп ойлаған едім. Енді сол ойымнан айнып қалдым. Саттар батыр жайлы жеке кітап немесе роман жазсам деген ой туып отыр. Аға, ол әңгімені сізге ғана айтып отырмын, екеуміздің арамызда құпия болсын, қысқасы Көкқайнар ауылына тағы келіп кетемін» деген еді. Сол кезде автобустың жүргізушісі жолаушыларға жүретіндігін хабарлады. Кешікпей Мұрат мінген автобус Жамбыл қаласын бетке алып, автобекеттен ұзай берді.

Мұраттың үлкен шаруаны қолға алатындығына кәміл сендім. Өйткені, оның бұған дейін жарық көрген «Әйбат бала», «Күміс сақалды арыстан», «Күн шығып келеді», «Жылдың соңғы айы», «Ақ басты тырна», «Қуатым менің» және тағы басқа туындыларымен таныс едім. Әсіресе, балаларға арналған шығармалары айтар ойымен де, көркемдігімен де ерекшеленетін. Сол тұстағы мүйізі қарағайдай жазушылардың бір сыпырасы Мұраттың тума талант екендігін мойындап, жылы лебіздерін баспасөз беттерінде жариялағанына да куә болғаным бар. Жамбыл облысының Құрметті азаматы, жерлесіміз, «Еңбек туы» газетінің редакторы болған жазушы-драматург Әлдихан Қалдыбаев та Мұраттың келешегінен үлкен үміт күтетіндігін жиі айтатын. Қырық жасына дейін жауапкершілігі зор талай лауазымды кызметтерді атқарып жүрсе де шығармашылықтан қол үзбеген, қайта күрделі әрі күрмеуі көп көркем дүниелерді жасай алатындығына біз де сенімді едік. Мұрат інім облыстық «Еңбек туы», республикалық «Егемен Қазақстан» және тағы басқа басылымдарда қызмет етіп, үлкен абыройға бөленгендігі тағы бар. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстанда» бас редактор болып тұрған кезінде Мұратты Жамбыл облысындағы меншікті тілші ретінде қызметке қабылдаған. Жіпке тізе берсек, қол жеткізген биіктері аз емес болатын. Осындай талантты жанның Саттар Естемесов жайында кітап жазам дегеніне мен кәміл сендім.

Мұрат мінген автобус көрінбей ұзап кетсе де оның еңбек жолы туралы есте қалған бір ой іштей толқытқандай болды. Әлі есімде, ол Төле би ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепті тәмамдаған жылы жоғарғы оқу орнына түсуге асықпады. Бір күні маған жолығып:

-Редакцияңызда жұмыс бар ма, бір жыл жұмыс істеп барып КазГУ-дің «Журналистика» факультетіне оқуға түспекпін,-деген ойын жеткізді.

-Мұрат-ау, бұның қалай, алдымен диплом алып, содан кейін қызмет атқарсаң да болады ғой,-деген едім.

-Әрине, ол да дұрыс, бірақ мен биылша жұмыс істеп, газет шығарудың қандай кәсіп екенін көзбен көріп, қолмен ұстауды жөн көрдім, – деді.

Оқу қашпайтыны рас, екеуміз газет редакторы Рахметолда Құдабаевқа жолықтық. Редактор Мұратты аудармашы қызметіне қабылдады. Аударма жұмысы да жеңіл жұмысқа жатпайды. Мұрат болса жастайынан қазақтың, орыстың тіпті әлем әдебиеті классиктерінің еңбектерін көп оқығандықтан, орыс тілінде жазылған мақалаларды қазақ тіліне аударғанда алдына жан салған емес. Аудармамен қатар, көркем шығармаларды өндіре жазып, сондай-ақ баспахананың жұмыс ырғағымен танысып, білікті маман болатындығын айқын танытты. Сөзінде тұрып, келесі жылы Журфактың студенті атанды.

Соңғы кездесуден кейін арада екі ай өтті ме, өтпеді ме Мұрат Жұманұлы отбасымен бірге жол апатына ұшырапты деген суық хабар жетті. Сұрастырып көрсек, жол апатының кесірінен қырық жастан сәл асқан Мұрат пен он бір жасар қызы Динара қаза болды. Мұраттың жұбайы Райхан мен ұлы Қуат ауыр жарақаттанып, ауруханаға түсті. Осы оқыс оқиғадан есіміз екеу, түсіміз төртеу болғандай ауыр қайғыны бастан өткіздік. Әке мен қыздың мәйіттері ата-бабаларының ескі қорымына жерленді. Осындай орны толмас қайғы-қасіреттен кейін Саттар Естемесов жайлы кітап жазылмай қалды. Арсыз ажал бір шаңырақты шайқалтып, оның жақындарының жан жүректерін езгілеп салды. «Көкқайнарға тағы келемін» деген Мұраттың өмірден озғанына отыз жылдай уақыт болғанын қалай ұмытасың, ол тірі болғанда жетпіс жасқа толып, туған-туысқандарымен, жақындарымен үлкен қуанышқа бөленер еді. Өкінішке қарай, бұндай мүмкіндік маңдайына жазылмапты. Тағдыр жолы ерте үзілсе де әріптестері оны әлі күнге дейін ұмытқан емес. Атап айтқанда, Мұраттың туғанына 50, 60 жыл толуына байланысты еске алу кештері Алматыдағы Қазақстан Жазушылар Одағының мәжіліс және кітапхана залдарында өткізілді. Мұндай жиындарда Мұраттың курстастары, әріптестері, жерлестері сөз алып, оны жоқтаған сәттері көптің көздеріне жас алдырды.

Осындай кездесулердің бірінде Мұраттың анасы Жұпар жеңгей іштей күйзелісте тұрса да ұлы мен немересінің қазасын қайталай бермей, жиналған жұртқа алғыс сезімін шынайы жеткізе білді. Ана жүрегі қайғы-қасіретке толы болса да сыр бермеуге тырысты. Сөз арасында Мұратқа: «Балам-ай, «Жетісі берілмеген өлім» пьесасын бекер жаздың ғой» деп өкініш білдірген еді. Мұрат мамасына қарап тұрып: «Сіздің айтқаныңыз да дұрыс шығар?! Бірақ, бұл болған қайғылы оқиғаны жазбасам, шамамды келтірмеді…» деген еді.

Мұрат Жұманұлы мезгілсіз қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасынан Шу аудандық әкімдігіне арнайы қатынас қағаз түсті. Аталмыш басқарма төрағасы Мұрат Сыздықтың есімін есте қалдыру үшін Төле би ауылынан бір көшенің атын беруін өтінген. Жергілікті билік бұл ұсынысты қолдап, Төле би ауылындағы «Водник» деп аталатын мөлтек ауданынан бір әдемі көшенің есімін берді.

Мұраттың жұбайы мен ұлы Алматыда тұрады. «Тірі адам тіршілігін жасайды» демекші, өмір жалғасын табуда. Бұл күнде Мұраттың өзі көрмеген үш немересі бар. «Орнында бар оңалады» дегендей, талантты қаламгер Мұраттың ұрпағы өсіп жатқанына, әрине, қуаныштымыз. Әйткенмен, Мұрат Жұманұлы жайлы, оның туғанына жетпіс жыл толғандығы кітапханаларда, жекелеген мектептерде аталып өтсе, нұр үстіне нұр болар еді…

 

Ахметжан Қосақов,

ардагер журналист,

Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.