Ақпараттық портал

Жолың болсын, жас түлек!

Мектеп – адамзат баласының санасын сәулелендіріп, болашаққа жол бастайтын қасиетті қара шаңырақ. Ел басқарған Елбасы да, мемлекетке еңбегі сіңген қайраткер де, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған депутат та, ғылым биігін бағындырған профессор мен академик те мектеп табалдырығын аттағанда ерекше құрметпен бас иеді. Себебі, әр адамның жүрегінде мектепке деген шексіз сағыныш пен ыстық ықылас сақталады. «Мектеп – алтын ұя» деп бекер айтылмаған. Өйткені бұл – барша адамзаттың екінші үйі, тәрбие мен білімнің, парасат пен пайымның ордасы.

Қасиетті Шу өңірінде бүгінде 46 жалпы білім беру ұйымы халық игілігі үшін қызмет етуде. Солардың қатарында ғасырлық тарихы бар, талай дара тұлғаларды тәрбиелеп шығарған киелі білім ошақтары аз емес. Сонымен қатар, Тәуелсіздікпен бірге түлеп, егемен еліміздің болашағы үшін сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан жаңа мектептер де ауданның мақтанышына айналған. Бұл білім ордалары – ел ертеңін сеніп тапсыратын ұрпақтың рухани тірегі.
Бүгінде білім саласы қарқынды даму үстінде. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде Шу ауданында төрт бірдей жаңа мектептің құрылысы басталса, үш мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 12 мектепке жаңа модификациялық кабинеттер беріліп, оқушылардың заманауи талапқа сай білім алуына мүмкіндік жасалды. Бұл жұмыстар – тек білім сапасын арттыру ғана емес, ауданның әлеуметтік келбетін жаңғыртып, болашақ ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлықтың айқын көрінісі.
Жыл сайынғы дәстүрге сай 25 мамыр күні аудан көлеміндегі барлық білім беру ұйымдарында «Мектебім, саған мың алғыс» тақырыбында салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл күн – мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқан түлектер үшін ерекше әсерге толы, жүрек толқытар сәт. Ұстазға тағзым етіп, алтын ұя мектебіне алғыс білдіру – әр шәкірттің азаматтық парызы.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өткізіліп, жас ұрпақтың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға баса мән берілді. Жаңа Конституциямыздың маңыздылығы кеңінен насихатталып, оқушылардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру бағытында мазмұнды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік шаралары түсіндіріліп, балалардың амандығы мен денсаулығын сақтау мәселелері басты назарда болды.
Осындай білім саласының жүгін арқалаған бір жылдың қорытындысы саналар салтанатты жиынға елдің ертеңін ойлаған азаматтардың қатысып, жас түлектерге ақ жол тілеп, ұстаздарға құрмет көрсетуі – ұрпақ сабақтастығының, парасат пен тағылымның белгісі. Бұған дәлел, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде өткен маңызы ерекше салтанатты іс-шара. Аталған мерекелік жиынға Шу ауданы әкімінің міндетін атқарушы Абдрашев Найманхан Айдарханұлы арнайы қатысып, ұстаздар қауымына, ата-аналар мен мектеп бітіруші түлектерге жүрекжарды лебізін білдірді. Ол өз сөзінде білімнің қашанда ел дамуының негізгі тірегі екенін атап өтіп, жастарға үлкен сенім артылатынын жеткізді. Сонымен бірге, аудан көлемінде білім саласына жасалып жатқан қолдаулар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып, түлектерге ақ жол тіледі.
Шара барысында мектеп түлектері ұстаздарына алғыс айтып, әсерлі әндер шырқалып, жүрек тебірентер көріністер қойылды. Ұстаз бен шәкірт арасындағы ыстық ықылас, мектеппен қоштасудың мұңды да мағыналы сәттері көпшіліктің көңілін толқытты. Бұл күн – тек қоштасу ғана емес, жаңа өмірге бастар үлкен белес, арманға апарар алғашқы қадам екені анық сезілді.
Білім мен тәрбиені қатар ұштастырған қасиетті мектеп – қашанда қоғамның шамшырағы болып қала береді. Ал сол шамшырақтың жарығын сөндірмей, болашақ ұрпаққа бағыт-бағдар беріп келе жатқан ұстаздар еңбегі әрдайым құрметке лайық. Шу өңіріндегі білім саласының өркендеуі – ел болашағына салынған берік іргетас, кемел келешекке бастар нық қадам.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.