Ақпараттық портал

«Прокурордың жас көмекшілері» кабинеті ашылды

Қай қоғамның болмасын келешегі – саналы ұрпақтың қолында. Ал саналы ұрпақ тәрбиелеудің басты негізі – білім мен тәрбие ғана емес, құқықтық сауаттылық пен әділдік қағидаттарын бойға сіңіру. Себебі заңға құрметпен қараған жас – ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын тұлға болып қалыптасады. Бүгінде қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттау, жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыру – уақыт талабына айналып отыр.
Осы бағытта Шу ауданында маңызды әрі тағылымды бастама қолға алынып, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде алғаш рет «Прокурордың жас көмекшілері» сынып бөлмесінің ашылу салтанаты өтті. Бұл – жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға, олардың бойында әділдік, адалдық және жауапкершілік қасиеттерін орнықтыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі болды.
Салтанатты шараға Шу ауданаралық прокуратурасының прокуроры Талғат Оспанов, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, прокуратура қызметкерлері, мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.
Тәрбиелік кештің шымылдығын түрген іс-шара жүргізушілері құқық пен тәртіптің қоғам өміріндегі рөліне тоқталып, заңды құрметтеу – әр азаматтың парызы екенін ерекше атап өтті. Артынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, қатысушылар көк Туға құрмет көрсетті. Бұл сәт жас ұрпақтың жүрегіне елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін ұялатты.
Жиында сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев білім мен тәрбие – ел болашағының алтын діңгегі екенін айтып, құқықтық сауаттылықты мектеп қабырғасынан бастап қалыптастырудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, ашылып отырған кабинет оқушылардың құқықтық танымын кеңейтіп қана қоймай, олардың заңға деген құрметін арттыратын маңызды рухани-танымдық орталыққа айналмақ.
Сонымен қатар, Шу ауданаралық прокуратурасының прокуроры Талғат Оспанов қоғамдағы заң талаптарын сақтау мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызын кеңінен түсіндірді. Ол өз сөзінде бүгінгі жас буынның құқықтық тұрғыдан сауатты болуы – ел болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, «Прокурордың жас көмекшілері» кабинеті оқушылардың құқықтық білімін жетілдіруге үлкен мүмкіндік беретінін жеткізді.
Кеш барысында тарих пәнінің мұғалімі Адишев Бекнұр құқық пен тәртіп тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, заңды білу – әр адамның өз құқығын қорғауының кепілі екенін түсіндірді.
Іс-шара аясындағы маңызды сәттердің бірі – «Прокурордың жас көмекшісі» ынтымақтастық меморандумына қол қою рәсімі болды. Мұқағали Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің директоры, осы жолдардың авторы мен Шу аудандық прокуратурасының прокуроры Талғат Қыдыралыұлының арасында жасалған бұл меморандум – саналы ұрпақ тәрбиесіндегі өзара байланыстың нақты көрінісі болды.
Салтанатты кеште ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі – «Прокурордың жас көмекшісі» куәлігін табыстау рәсімі еді. Бұл куәлік оқушылар үшін жай ғана марапат емес, олардың құқықтық білімге деген қызығушылығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігінің белгісі ретінде бағаланды. Жас көмекшілер ант қабылдап, әділдік пен заңдылықты құрметтеуге серт берді.
Кеш барысында өнерлі жастардың орындауындағы ән мен билер де көпшілік көңілінен шықты. «Қазақстан», «Рух», «Атамекен» әндері орындалып, «Батырлар» биі мен флешмоб көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Өнер арқылы жастардың патриоттық рухы мен елге деген сүйіспеншілігі айқын көрініс тапты.
Шараның маңызды бөлімінде көпшілік жаңа ашылған «Прокурордың жас көмекшілері» сынып бөлмесінің ашылу рәсіміне куә болды. Салтанатты лента қиылып, арнайы кабинет таныстырылды. Бұл кабинет – енді оқушылардың құқықтық білімін жетілдіретін, заңға деген құрметін қалыптастыратын маңызды білім алаңы болмақ.
Сонымен қатар, жаңа ашылған «Прокурордың жас көмекшілері» кабинетінде оқушылардың қатысуымен театрландырылған сот процесі ұйымдастырылды. Бұл көрініс шараның мазмұнын тереңдете түсіп, құқықтық тәрбиенің тәжірибелік маңызын айқын көрсетті. Оқушылар сот төрағасы, мемлекеттік айыптаушы, қорғаушы, сот хатшысы, айыпталушы, жәбірленуші және куәгер рөлдерін жоғары деңгейде сомдап, өздерінің құқықтық сауаттылығы мен сахналық шеберліктерін таныта білді. Жас өрендердің сот процесін шынайы әрі нанымды бейнелеуі қатысушы қонақтардың ерекше ықыласына бөленіп, жоғары бағаланды.
Театрландырылған көрініс барысында ауданаралық прокуратура қызметкерлері оқушылардың дайындығына оң бағаларын беріп, сот процесінің жүргізілу тәртібіне байланысты кейбір маңызды сәттердің реттілігі мен заң аясындағы ерекшеліктеріне тоқталды. Бұл өз кезегінде оқушылардың құқықтық танымын тереңдетіп, олардың заң жүйесіне деген қызығушылығын арттыра түсті.
Осындай тағылымды қойылымдар арқылы жастар заң мен әділдіктің қоғамдағы маңызын терең түсініп, құқықтық мәдениеттің мәнін сезіне білді. Себебі сот процесін сахналық түрде көрсету – тек көрініс қана емес, жас ұрпақтың бойында жауапкершілік пен әділдік қағидаттарын қалыптастыратын маңызды тәрбиелік құрал екені анық.
Қорыта айтқанда, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде өткен бұл тағылымды кеш – құқықтық сауатты, ұлтшыл әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде көпшілік тарапынан жоғары бағаланды. «Тәртіп бар жерде – тыныштық бар, әділдік бар жерде – адамдық бар» дейді дана халқымыз. Расында, заң мен тәртіпке бағынған қоғамда тұрақтылық пен сенім орнығады. Сондықтан бүгінгі жас ұрпақтың бойына құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл игі іс – болашаққа жасалған үлкен қадам деп айтуға толықтай негіз бар.

Махаббат СҰЛТАНОВА,
М.Мақатаев атындағы Тірек орта мектебінің директоры.

Leave A Reply

Your email address will not be published.