Құрақ ісі – құрметке лайық
Кешегі қазақтың әз аналары ақ тілегін құрағына қосып, көрпе тіккен. Ал, ежелден келе жатқан қолөнердің бұл түрінің тәрбиелік мәні мол. Ең әуелі ысыраптың алдын алып, ұқыптылық пен төзімділікке баулып, түстерді үйлестіру талғамын дамытады. Ең бастысы – ұлттық өнерді өміршең етеді.
Көрген адамның көзі қуанатын құрақ көрпе, жастық пен өзге де жабдықтар ұлттық бояудың бір көрінісі екені анық. Оны жүзеге асырып жүрген шеберлерді халық тануы тиіс. Сонда ғана құрақтың ғұмыры қысқа болмайды. Сондай ісмерлердің ауданымызда болуы бізді қуантады.
Аудандық білім бөліміне қарасты «Техникалық шығармашылық орталығы» директорының міндетін уақытша атқарушы Нағима Какимова ұлттық өнерді іс жүзінде насихаттап жүрген бірден-бір адам. Кейіпкеріміз республикалық «Аламан құрақ» жобасына қатысып қайтты. Өскемен өңірінде өткен ауқымды шарада Жамбыл облысының делегациясымен қатысқан Нағима Мұсақызы еліміздің түкпір-түкпірінен келген құрақшылармен бірге көлемі 2 шақырымнан астам аумаққа көрпелерін жайған. Мысалмен бейнелегенде, бұл – бір футбол стадионының жасыл алаңы құрақ көрпемен көмкерілді деген сөз.
– Мен осы жобаға үшінші мәрте қатысып, ерекше әсер алып қайттым. «Аламан құрақ» жобасы қазақ әйелдерінің басын қосқан ауқымды рухани шара болды. Оған еліміздің әр түкпірінен өз ісінің шеберлері қатысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды. Іргелі іске мұрындық болған, қазақтың құрақ өнерін әлемдік деңгейде паш етіп жүрген, елге ерекше қызметі бар Нұргүл Абайханға алғысымды білдіремін, – дейді Н.Какимова.
Республиканың 17 өңірінен келген 800-ге жуық құрақшы Шығыс Қазақстан облысында бас қосып, 2 мың метрден асатын құрақ төседі. Нақтысын айтқанда, 40 қатарға 788 көрпе тізілген көрсеткіш әлемдік рекордтар тізіміне енгізілді.
– Стадионға «Барқытбел» құрақ көрпесі мен «Мың жылқы» жастығын қолға алып, аталмыш жобаға қатысушылармен тізе қосқанда алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес. Айналамдағы әсемдік көңілімізді көтерді, рухымызды оятты, шексіз қуанышқа бөледі, – дейді жерлесіміз.
Қазақтың ою-өрнегін өзгеше сүйетін шулық шебер өзіне керекті кейбір бұйымдарды өзі жасап алатынын байқадық. Оны күнделікті ұстап жүретін қол сөмкесінен аңғардық. Сөз соңында қазақ құрақшыларына қолдары қарымды болып, дендері сау болуына тілек білдірді.
Байжан Емберді.