Ақпараттық портал

Өнегелі отбасы – өркениеттің кепілі

Отбасы – қоғамның іргетасы, ұлттың ұйытқысы. Берекелі шаңырақтан тәрбиелі ұрпақ өсіп шығады, ал өнегелі ұрпақ елдің ертеңін қалыптастырады. Сондықтан отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы құндылықтарын сақтау мен жастарды қолдаудың маңызын үнемі атап келеді. Берік отбасы – тұрақты қоғамның, дамыған мемлекеттің басты тірегі. Осы бағытта елімізде көптеген игі бастамалар жүзеге асырылуда.
Шу ауданында да отбасы құндылықтарын дәріптеп, өнегелі әулеттерді көпшілікке үлгі ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Сондай үлгілі шаңырақтардың бірі – Далақайнар ауылында тұратын Шыңғысовтар отбасы. Өзара сыйластық пен татулықты ту еткен бұл әулет ауыл тұрғындарының арасында үлкен құрметке ие. Еңбекті қадірлеп, бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлетін отбасы ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетіп келеді. Шаңырақтың ынтымағы мен бірлігі – олардың басты байлығы. Мұндай отбасылардың өмір жолы жастар үшін үлкен тәрбие мектебі. Себебі отбасы бақыты тек материалдық игілікпен емес, өзара құрметпен, жауапкершілікпен және түсіністікпен өлшенеді.
Осы мақсатта Шу ауданындағы Отбасын қолдау орталығы жанынан жақын уақытта «Жас отау» клубы өз жұмысын бастамақ. Клубтың негізгі мақсаты – жас жұбайларға жан-жақты қолдау көрсету, отбасы құндылықтарын нығайту, некенің беріктігін сақтау және өмірлік тәжірибеге негізделген пайдалы кеңестер беру. Сонымен қатар клуб аясында психологтардың, заңгерлердің және өзге де сала мамандарының қатысуымен кездесулер, семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылып, жас отбасылардың түрлі мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстар жүргізіледі.
Берік отбасы – берекелі қоғамның бастауы. Сондықтан ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өнегелі отбасылардың тағылымын кейінгі буынға үлгі ету, жастарға бағыт-бағдар беру – баршамызға ортақ міндет. Осындай игі істердің арқасында отбасы институты нығайып, қоғамдағы бірлік пен татулықтың тұғыры беки түсетіні сөзсіз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.