Ақпараттық портал

ЖАҢА ТЕХНИКАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ

Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту бағытындағы пилоттық жоба сәтті жалғасын тауып келеді. Қазан айында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың төрағалығымен арнайы жиын өтіп, аталмыш жобаны жүзеге асыру тетіктері қаралған болатын. Жалпы алғанда, Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмысын жақсарту жобасының алғашқы кезеңінде жеңілдетілген несиемен 11 ауылдық округтің 25 елді мекенінен 7856 адам қамтамасыз етілген. Оған барлығы 9,2 млрд теңге қаржы қарастырылған.
Өткен жылдың өзінде қайтарылған несиелердің есебінен қосымша үш ауылдық округ қамтылған. Жоба аясында жұлдызы жанған Көктөбе ауылында айтарлықтай нәтижелер көрініс берді. Бұл ауыл тұрғындарының басым бөлігі бақтарын сынап, қазіргі таңда кәсіптерін жүргізіп отыр. Жуырда мұндай игілікті іс Бірлікүстем ауылдық округіне жетпек. Аталмыш ауылдық округте өндірістік бірлестік құру жұмыстары біршама уақыт бұрын басталғанымен, құжаттары қараша айының басында даяр болды. Оның төрағасы ретінде Әлхан Ағыбетов таңдалып, бүгінгі таңда ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. Қазірдің өзінде өндірістік бірлестікке қажетті ауыл шаруашылық техникалары жеткізіліп жатыр.
Мәселен, таяуда яғни, Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс орталығында өткен жиында аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов бірлікүстемдіктерге заманауи YTO-1304 және YTO- 954 маркалы жаңа тракторлардың кілтін табыс еткен. Одан бөлек, Сержан Жүнісәлиев жетекшілік ететін «Малдыбек» шаруа қожалығы «Беларус» маркалы қос тракторға ие болды. Аталған техникалардың барлығы лизинг арқылы алынғанын айта кеткен жөн.
-Қазіргі таңда пилоттық жобаға қатысу туралы құжаттарды рәсімдеуде ауыл тұрғындарына тиісті көмек көрсету маңызды. Ауылдағы ағайын бір құжат үшін қайта-қайта Тараз қаласына келіп әуре-сарсаңға түспеуі керек. Барлық жұмыстарды ауыл әкімдері «Тараз» ӘКК арқылы жүргізгендері жөн. Әрбір өтініш жеке-жеке қаралуы тиіс. Бұл кезеңде аудан әкімдері де ұйымдастыру мәселелерін алдын ала шешулері қажет. Жобаны жүзеге асырумен қатар, әлеуметтік мәселелерді тарқату үшін кешенді шараларды қарастыру ләзім. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша біз межелі көрсеткіштерді бағындырамыз деп сенемін,-деді Нұржан Нұржігітов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.